07.12.2023, 11:41 61246

Алматыда әуежайды дамытудың ұзақ мерзімді шебер жоспары талқыланды

Жаңа жолаушылар терминалы 80% дайын
Алматыда әуежайды дамытудың ұзақ мерзімді шебер жоспары талқыланды
Сурет: gov.kz
Қала басшысы Ерболат Досаев "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ президенті Альп Эр Тунга Эрсоймен кездесіп, әуежай мен іргелес аумақтың көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша бірлескен іс-шараларды талқылады, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Алматы әкіміне Алматы халықаралық әуежайы мен іргелес аумақтың көлік инфрақұрылымын дамытудың 2050 жылға дейінгі перспективасы жайлы шебер жоспар таныстырылды. Бұл құжат қала басшысының тапсырмасымен Алматының Бас жоспарымен үйлестірілді.

Шебер жоспардың бірінші кезеңі жаңа жолаушылар терминалын салуды және қолданыстағы терминалды жаңғыртуды көздейді. Бүгінгі таңда ұшаққа шығатын жолдар кеңейтілді, қосымша ауа баптау жүйесі енгізілді, жаңа жайлы автобустар сатып алынды. Басқа кезеңдер аясында құжатқа сәйкес, халықаралық бағыттардың санын көбейту, жаңа ғимараттар салу, автотұрақ аймағын кеңейту және т.б. жоспарланып отыр.

Барлық бағыт бойынша құрылыс жұмыстары қарқын алаған. Осылайша, жаңа жолаушылар терминалы 80% дайын, жалпы мақсаттағы авиация ғимаратының құрылысы аяқталды, эстакаданы, ұшу-қону жолағын және вокзал маңы аумағын қайта жаңарту жалғасып жатыр. Әуе айлағының қазіргі көрсеткіштері туралы айта келе Альп Эр Тунга Эрсой жүк тасымалының өсіп отырғанын хабарлады және биыл жыл соңына дейін 9-миллион жолаушы тіркеледі деп болжам жасады.

Өз кезегінде Ерболат Досаев жолаушылар санының едәуір артуына байланысты құрылыс жұмыстарын жеделдетудің маңызына назар аударды. "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ президенті қала басшысына жұмыстың жоғары қарқынын ескеріп, жаңа терминалды іске қосу жазғы маусымның басында, демалыс кезеңіне дейін жүзеге асырылатынын баяндады.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа халықаралық жолаушылар терминалының ауданы 53,500 м2. Бұл терминалды іске қосу әуежайдың өткізу қабілетін жылына 7 млн-нан 14 млн адамға дейін арттыруға, қала тұрғындары мен қонақтары үшін мейлінше қолайлы жағдай жасауға, сонымен бірге Алматының бүкіл Орталық Азиядағы көлік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны