17.06.2022, 15:54 26266

Алматының ықшам аудандарының бірінде 2021 жылы жедел жәрдем келгенге дейін 17 адам қайтыс болды

Ықшам ауданға ең жақын станция 20 шақырым жерде орналасқан, бұл көбінесе кептелісті ескере отырып, фельдшерлердің келу уақытын кешіктіретін.
АЛМАТЫ. 17 МАУСЫМ - Алматы қаласы Медеу ауданының Алатау ықшам ауданында жедел жәрдем келгенге дейін 2021 жылы 17 адам қайтыс болды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Прокуратура жедел медициналық көмектің қолжетімділігіне және оны Медеу ауданындағы "Алатау" ықшам ауданының тұрғындарына уақытылы көрсетілуіне талдау жүргізді.
 
Жедел медициналық көмек көрсету ережесі бойынша дәрігерлер бригадасы жедел медициналық көмек көрсетуді талап ететін өмірге тікелей қауіп төндіретін жағдайларда шақыртуды алған сәттен бастап 10 минутқа дейін келуі тиіс. Алайда прокурорлар ықшам ауданға ең жақын станция 20 шақырым жерде орналасқанын, бұл көбінесе кептелісті ескере отырып, фельдшерлердің келу уақытын кешіктіретінін анықтады.
 

Сонымен қатар талдау 2021 жылы аталған ықшам ауданның 17 тұрғыны жедел жәрдем көлігі келгенге дейін қайтыс болып кеткенін көрсетті. Тұрғындар Медеу ауданы әкімі мен прокурорының халықпен кездесуінде кепілдендірілген медициналық көмекті уақытылы алу мәселесін көтерді", - деп хабарлады қала прокуратурасы.

 
Қазіргі уақытта "Алатауда" 18 мыңға жуық азамат тұрады, оған Алматы облысының бірқатар бау-бақша серіктестіктері қосылған.
 
Медеу ауданының прокуратурасы осы проблеманы шешу үшін уәкілетті органға прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Бұл актіні қарау нәтижелері бойынша "Алатау" ықшам ауданында жеке жедел жәрдем станциясы ашылды, сондай-ақ 17 адамның қайтыс болу себептерін тергеу үшін арнайы комиссия құрылды. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны