27.04.2021, 22:28 5721

Қаржы министрлігі: декларацияда көрсетілген мүлікті сатып алудың заңдылығы 2025 жылға дейін тексерілмейді

НҰР-СҰЛТАН. 27 СӘУІР - Қазақстанның қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында жеке тұлғалар декларацияға қандай деректерді енгізу керектігін айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚР қаржы министрінің айтуынша, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының инфрақұрылымын кеңейту бойынша шаралар қабылданды. 
 
Атап айтқанда, салықтық декларацияны қағаз түрінде халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік кірістер органдары немесе пошта бөлімшелері арқылы ұсынуға болады. 
 
Мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері "Connection Point" өзіне-өзі қызмет көрсету секторымен жабдықталған.
 
Халыққа ыңғайлы болуы үшін декларация тапсыруға электрондық қызметтер көзделген: салық төлеушінің кабинеті, "Электрондық үкіметтің" веб-порталы және "Е-Salyq Azamat" мобильді қосымшасы. 
 
Қабылданған шаралар жалпыға ортақ декларациялау кезеңінде жеке тұлғалардың салық декларацияларын қабылдауды уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
 
Жамаубаев жалпыға ортақ декларациялау ережелерін түсіндіру үшін Байланыс орталығы жұмыс істейтінін еске салды. Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-порталында "Жалпыға ортақ декларациялау" бөлімі құрылды, онда қажетті ақпарат және жиі қойылатын сұрақтар бойынша жауаптар жинағы орналастырылған.
 
Декларациялауды оңайлату мақсатында декларациялауға жататын мүліктің тізбесін нақтылау және жыл сайынғы қысқаша декларацияны беру жөніндегі міндеттемені алып тастау бойынша заңнамалық шаралар қабылданды. 
 
Е. Жамаубаев атап өткендей, енді азаматтар декларацияда мемлекеттік органдарда тіркелген мүлікті және екінші деңгейдегі банктердегі ақша туралы ақпаратты көрсетпейді. Бұл деректер автоматты режимде министрліктің интеграцияланған деректер базасына келіп түседі. 
 
Жалпыға ортақ декларациялау жүйесіне кірген кезде активтер мен міндеттемелер туралы "кіру" декларациясы ұсынылады. 
 
Декларацияны тапсыру мерзімі: 
 
- қағаз түрінде – 15 шілдеге дейін; 
 
- электронды түрде – 15 қыркүйекке дейін.
 
Декларацияда көлік құралдары, заңды тұлғадағы қатысу үлестері, шет мемлекетте тіркелген жылжымайтын мүлік және шетелдік банктердегі ақша қаражаты туралы мәліметтер көрсетіледі. Сондай-ақ декларацияда Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жерлердегі мүлік туралы деректер қамтылады, бұл: бағалы қағаздар; тұрғын ғимаратындағы үлес; инвестициялық алтын; зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері; айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген шегіндегі қолма-қол ақша; дебиторлық/кредиторлық берешегі; құны 1000 есе айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен асып кететін басқа да мүлік.
 
Жалпыға ортақ декларациялау жүйесіне кірген адамдар кейіннен кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы тиіс. Бұл ретте, егер активтер мен кірістер бойынша айналымдар болмаса, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынбауға болады.
 

"Кіріс" декларациясын тапсыру қорытындысы бойынша камералдық бақылау жүргізілетін болады. Содан кейін заңнаманы жетілдіру және ақпараттық жүйелерді пысықтау жөнінде шаралар қабылданатын болады", - деп нақтылады министр.

 
Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, жеке тұлғаларды санаттарға бөлу үшін министрлік нормативтік актілерге қажетті өзгерістер енгізді. 
 
Тәуекелдерді басқару жүйесі мынадай критерийлерге негізделген: 
 
- жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкі туралы декларацияда көрсетілмеген шетелдік активтер мен шоттардың болуы; 
 
- жеке тұлғаның жылдық жиынтық кірісінен екі және одан да көп есе асатын сомаға активтердің ұлғаюы; 
 
- шетелдік интернет-дүкендерден сатып алынған жеке пайдалануға арналған тауарларды Қазақстан Республикасына бірнеше рет әкелу; 
 
- камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар, яғни орындалмаған хабарламалардың болуы.
 
Сонымен бірге жалпыға ортақ декларациялау жүйесіне кірген жеке тұлғалар декларацияда көрсетілген Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті, сондай-ақ басқа да активтерді сатып алудың заңдылығы бойынша 2025 жылға дейін тексеруге жатпайды. 
 

Декларациялаудың бірінші кезеңі шеңберінде бүгінгі күні 437 мыңнан астам адам салық есептілігін ұсынды. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 91%-ы", — деді қаржы министрі.

 
Оның ақпараты бойынша, халық арасында декларация тапсырудың ең танымал тәсілдері — "Е-Salyq Azamat" мобильді қосымшасы және Салық төлеушінің кабинеті. Олардың үлесіне барлық қабылданған декларациялардың шамамен 95% тиесілі.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсыратын болады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары тапсырады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны