27.07.2021, 21:10 10350

Қазақстанның бес қаласында 2 тамыздан бастап карантин күшейтіледі

НҰР-СҰЛТАН. 27 ШІЛДЕ - Бүгін Қазақстанда коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында карантиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ақпаратқа сәйкес, аталған қалаларға ел бойынша тәуліктік сырқаттанушылықтың 65%-ы және тәуліктік өлім-жітім жағдайларының 55%-ы тиесілі.
 
ҚР Премьер-Министрі баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларында 2 тамыздан бастап мынадай шектеу шаралары күшіне енеді:
 
- орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, "Ashyq" жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұру; 
 
- ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу; 
 
- мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80%-ын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру (вакцина салдырғандарды және соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды қоспағанда).
 
Сондай-ақ, Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне Нұр-Сұлтан (Бурабай, Целиноград, Аршалы аудандары), Алматы (Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары), Шымкент қалаларымен (Сайрам, Төлеби аудандары), Қарағандымен (Теміртау, Шахтинск, Абай) шекаралас аудандарында карантин шараларын күшейту бойынша шаралар қабылдау ұсынылды. Өңірлердің әкімдіктеріне шектеулер енгізу және олардың сақталуын бақылау бойынша барлық шараларды қабылдау тапсырылды.
 
Вице-премьер коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте мониторинг топтарының жұмысының маңыздылығын және барлық өңірлерде осы бағыттағы белсенділіктің төмендігін атап өтті. ШОБ нысандарын рейдтермен қамтудың барынша төмендеуі Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Анықталған бұзушылықтар санының төмендеуі Маңғыстау, Павлодар, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалады. 
 
Е. Тоғжанов барлық өңірлерде мониторинг топтарының жұмысын жандандыруды тапсырды. 
 
Сондай-ақ, вице-премьер еліміздің кейбір өңірлерінде вакциналаудың төмен қарқынын атап өтті. Мысалы, Маңғыстау облысында халықтың тек 25,6%-ы бірінші компонентпен егілді, бұл республика бойынша орташа мәннен 2 есе төмен (52,4%). 6 өңірдің (БҚО, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар облыстары) көрсеткіштері ел бойынша орташа мәннен айтарлықтай артта қалып отыр.
 
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 14 шілдедегі №32 Қаулысына сәйкес биылғы жылғы 10 тамызға дейінгі мерзімде қызмет көрсету саласының барлық қызметкерлері COVID-19 вакцинасының бірінші компонентімен екпе алуы тиіс.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны