21.09.2023, 17:18 49431

"Дикий" Арман соты жабық режимде өтеді

Сотталушылардың жалпы саны - 45 адам
"Дикий" Арман соты жабық режимде өтеді
Сурет: Depositphotos
Бүгін Алматыда Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергенге қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды. Алдағы сот отырыстары жабық түрде өтетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сотқа қатысушылардың қауіпсіздігі мақсатында қылмыстық істі қарау жабық форматқа ауыстырылды. Сотталушылардың жалпы саны - 45 адам.

Оларға "Билігін немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану" (Қылмыстық кодекстің 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК-нің 262-бабы), қарақшылық шабуыл (ҚК-нің 191-бабы), заңсыз бас бостандығынан айыру (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК-нің 272-бабы), бандитизм (ҚК-нің 268-бабы) бойынша айыптар тағылды", - делінген хабарламада.


Атап өтілгендей, отырыс барысында процеске қатысушылардан сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту және жою, қылмыстық істі қайтару және тоқтату, жақын туыстарын қорғаушы ретінде тану туралы жүзден астам өтінішхат түскен.

Сондай-ақ іс бойынша 10 жәбірленуші, 1 куәгер және 1 сотталушы сот отырысын жабық түрде өткізуді сұрады. Олар өз өмірлері, отбасылары мен жақындарының қауіпсіздігі үшін қауіптенетінін білдірді. Бұл өтініштерді сот қанағаттандырды", - деп түсіндірді сот өкілдері.


Басты сот отырысы осы жылдың 6 қазанына белгіленді.

Айта кетейік, мәслихаттың экс-депутаты Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиевке ("Дикий" Арман) қатысты сот процесі 14 қыркүйек күні Алматы маңындағы №72 түзеу мекемесінің тергеу изоляторында басталған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны