24.01.2022, 18:49 41211

"Самұрық-Қазына" қорының штатын екі есе қысқартады

"Самұрық-Қазына" қорының штатын екі есе қысқартады
Сурет: skc.kz
НҰР-СҰЛТАН. 24 ҚАҢТАР - "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры штатын екі есеге қысқартады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "Самұрық-Қазына" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Жаңа ұйымдық құрылым бекітілді. Оған сәйкес, Қор қызметкерлерінің саны екі есе, яғни, 248-ден 124-ке дейін; ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады. Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33%) қысқартылды; "кеңесші" қызметтері жойылды", - деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

 
Қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы шешім қабылданды.
 
Бизнес жолындағы кедергілерді жоюға бағытталған тікелей сатып алудың жаңа тәртібі мен қадағалау, маркетинг, және импорттың орнын басу ережелері алдын-ала бекітіліп, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, және "Атамекен" ҰКП-ге қарастыруға жіберілді.
 
Сондай-ақ, бір көзден сатып алуға негіз болатын факторлар қысқартылды. Аталған құжаттарды Директорлар Кеңесі қабылдаған соң Қордың корпоративтік орталығы сатып алу әдістемесін дайындау, сатып алуларды қадағалау және бақылау функцияларын атқарады.
 
Портфельдік компанияларға "Самұрық-Қазына" Қорын реформалау бойынша ҚР Президенті тапсырмаларын орындауды қадағалау жөніндегі құжат жіберілді; жауапты қызметкерлер, іске асыру мерзімдері мен қадағалау индикаторлары анықталды.
 

Сонымен қатар, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының 2022 ж. 24-ші қаңтарындағы шешімімен "Самұрық-Қазына Инвест" ЖШС Бас директоры А. К. Сұлтановтың, "Samruk-Kazyna Construction" АҚ Басқарма төрағасы Б.А. Сандықбаевтың, "Самұрық-Қазына Контракт" ЖШС бас директоры А.Ж. Ақыловтың, "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" ЖШС бас директоры С.К. Елшібековтың уәкілеттіктері мерзімінен бұрын аяқталып, олармен еңбек қатынастарын тоқтату келісілді", - деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

 
Басқарма ҚР Үкіметіне жолданатын Қорды реформалау бағдарламасын дайындау мерземдерін бекітті.
 
Естеріңізге сала кетейік, бизнес-қауымдастықпен кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" қорының сатып алу процесін шұғыл шешуді тапсырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны