18.04.2023, 14:49 27336

Сенатор әскердегі сарбаздардың өлімі үшін әскери басшыларды трибуналға беруді ұсынды

Сенатор әскердегі сарбаздардың өлімі үшін әскери басшыларды трибуналға беруді ұсынды
Сурет: gov.kz
2020 жылдан бері Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза тапты

Астана. 18 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстандық сенатор Геннадий Шиповский мерзімді сарбаздармен өлім немесе жазатайым оқиғалар болған әскери бөлімдер бастықтарын трибуналға беруді ұсынды.

Елімізде соңғы үш жылда 300-ге жуық сарбаз қаза тапты. Әскери бөлімдердің көбінде бейнекамера жұмыс істемейді. Психологтың бақылауында болғандар да қарумен кезекшілікке шыққан. Бас әскери прокуратура армиядағы былықтарды әшкереледі, деп хабарлайды Астана TV телеканалы.

Әскердегі өлім-жітімнің 20 проценті суицидпен байланысты. Ел қорғаймын деп кеткен жастың өзіне-өзі қол салуы, әрине, қазір көп адамды толғандырады. Ата-ана әскер десе үреймен қарайтын болды. Ешкім баласын жібергісі келмейді. Сондықтан әскерден жалтаруға тырысады. Медкомиссияға пара ұсынады дейді депутат Геннадий Шиповских.

Қазіргі заманда кім 18 жасқа дейін мәпелеп өсірген баласын аман-есен әскерге жіберіп, одан кейін Құдай сақтасын, мүгедек болып немесе табытпен қарсы алып жатса, кімге жақсы? Егер облыста бір сарбаз қайтыс болса немесе кейбір сарбаз мүгедек болып қалатындай жағдай болса, менің жеке пікірім бойынша мұндай бөлімдердің бірінші басшылары жауапқа тартылуы керек. Тіпті мүмкін трибуналға дейін жеткіземіз. Сонда ғана бізде тәртіп орнайды", - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских.


Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиевтің айтуынша, армияда былық көп. Шекара қызметінде 358 нысанның 104-ті ғана бейнебақылаумен қамтылған. Әскери бөлімдерге орнатылған камералардың 4 мыңнан астамы істен шыққан, кейбірінді ол мүлдем жоқ. Жеке құрамды психологиялық қолдау жұмыстары да ақсап тұр дейді.

Арнаулы динамикалық бақылау тобына енген әскерилердің тәуліктік нарядқа, оның ішінде қарумен кезекшілікке түсуіне жол беру деректері анықталды. Психологтарды даярлықтан өткізу талаптары орындалмай жатыр", - дейді ҚР Бас Әскери прокурорының бірінші орынбасары Мақсат Қазиев.


Ал жауаптылар мәселенің барлығы бақылауда деп сендірді. Әскердегі әлімжеттікті болдырмау үшін мерзімді қызметшілер апта сайын тексеріліп тұрады деді. Бірақ оған депутаттар сене қоймады.

Комиссияның, жұмысшы топтың жұмысы формальді түрде деген ой қалыптасады. Мұның барлығы жылы жауып қою деп есептеймін", - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев.


Құзырлы министрлік өкілдерінің айтуынша, әскери қызметкердің Отан қорғаушы ретіндегі оң имиджін насихаттау бойынша жұмыстар күшейтілуде. Әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді, жұмысқа орналасу перспективаларын қамтамасыз етуге тоқталды.

Әскер туралы сериал Алматыдағы құрлықтық әскери институты десант-шабуылдау факультетінде түсіріліп жатыр. Жалпы 10 сериал болады. Болашақта сериалдың үлкен әсері болады деп сенеміз", - дейді ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің басшысы Тілеухан Басқожаев.


Осылайша жастарды патриоттыққа тәрбиелеуді көздеп отыр. Ал талқылауда айтылған сын-пікірлер ескерусіз қалмайды деді.

Ақпарат көзі: astanatv.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны