06.12.2023, 17:47 60291

Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтті

2024 жылы Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері өтеді деп жоспарлануда
Бакуда Қазақстанның Әзербайжандағы мәдениет күндері табысты өтті. Қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарын нығайту мақсатында өзара мәдени күндерді өткізу туралы тапсырманы биыл Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев берген болатын, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Іс-шараларға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел қатысты.

Мәдениет күндері аясында "Хассақ" этно-фольклорлық тобының жеке концерті мен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры қойған "Қаракөз" спектаклінің көрсетілімі ұйымдастырылды.

Қорытынды мәдени шаралар 2023 жылдың 4 желтоқсанында Гейдар Әлиев орталығында өтті. Мұнда Қазақстанның бейнелеу өнерінің көрмесі ашылды, онда әртүрлі жанрлар мен стильдерде жұмыс істейтін қазақстандық жас суретшілердің 46 бірегей жұмыстарының экспозициясы ұсынылды.

Министр А. Балаева көрменің екі халықтың мәдени жаңғыруының көрінісі екенін атап өтті. Көрмеде кескіндеме, графика, кестелеу, сәндік-қолданбалы өнер сияқты бейнелеу өнерінің дәстүрлі түрлерімен қатар жаңа түрлері - инсталляциялар мен арт-нысандар қойылды.

Мәдениет күндері Қазақстан өнер шеберлерінің салтанатты гала-концертімен аяқталды. Шараға Әзербайжан Парламентінің Төрайымы Сахиба Гафарова, Министрлер, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, депутаттар, шет мемлекеттердің Елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары, көптеген көрнекті мәдениет, ғылым және өнер қайраткерлері қатысты.

2024 жылы Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері өтеді деп жоспарлануда.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны