19.06.2020, 18:38 43064

Қазақстандағы олимпиадалық отбасы барша қазақстандықтарды олимпиадалық қозғалыстың бөлшегі болуға шақырады

Себебі, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті бағалы сыйлықтар ұтып алуға болатын түрлі байқаулар мен викториналар сериясын бастап кетті. Викториналарға 23 маусымға дейін қатысуға мүмкіндік бар.

Алматы. 19 маусым. Kazakhstan Today - Жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мен фристайл-могулдан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева Олимпиада күніне орай флешмоб бастады деп хабарлайды Olympic.kz

"Ең бастысы бүкіл әлем бойынша спорт сүйер қауымға пандемия жағдайында тек жақсы спорттық қалыпта болу арқылы коронавирус індетіне қарсы тұра алатынымызды айтқымыз келеді. Спорт - бұл мықты денсаулық, дені сау ұлт. Сондықтан, біз әсіресе балаларды спортпен шұғылдануға үндейміз. Тағы бір айта кетер жайт, елімізде карантин әлі аяқталған жоқ. Соныдықтан халқымызды бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамыз", дейді Рида Олимпиада ойындарының жеңімпазы Дмитрий Баландин.

Танымал спортшы өзінің Instagram желісіндегі жеке парақшасына 6 олимпиадалық спортты көрсететін қозғалыстарды жасаған бейнеролик жариялады. Баландин бокс, карате, садақ ату, семсерлесу, жүзу мен баскетболды көрсеткен.

Спортшы осы бастаманы қолдағандар арасында Олимпиада күнінде, яғни 23 маусымда флешмобтың 4 қатысушысына жаңа iPhone смартфонын сыйлатынын жазады. Жеңімпаздар кездейсоқ сандарды таңдайтын бағдарлама арқылы анықтамақ.

Спорт сүйер қауым арнайы бейнеролик түсіріп, оны Instagram не болмаса TikTok желісіне жүктеп, Дмитрий Баландин мен Юлия Галышеваны, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің - @olуmpickz ресми парақшасын атап өтулері қажет.

Сонымен қатар #teamKZ, #ДвигайсяСнами, #OlympicDay атты арнайы хэштэгтерін де жазу керек. Спортшылар бейнежазбада бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шағырады.

Флешмоб авторларының айтуынша, қолданушылар кез келген олимпиадалық спорт түрін таңдай алады, ешқандай шектеу жоқ. Оның қимыл-қозғалысын қайталауына немесе өзі ойлап табуына мүмкіндік бар. Ең бастысы, көрерменге түсінікті болуы тиіс.

"Қазақстандағы Олимпиада күні биыл "Олимпиада балалық шақтан басталады" ұранымен өтіп жатыр. Осы орайда, ҰОК тарапынан балалар мен жастарға арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сол себепті, біз жастардың тілінде сөйлеуді ұйғардық. Біз әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданамыз, өз идеямызды басқалармен бөлісеміз. Қазіргі таңда ТикТок платформасы өте танымал. Спортпен шұғылдануға шақыру үшін таптырмас құрал", - дейді фристайл-могулдан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева.

Ұлттық Олимпиадалық комитет спортшылардың бастамасына қызығушылық танытып, идеяға қолдау көрсетті. Жоба демеушісі "Satty Zhuldyz" ұлттық лотереясы байқауға арнап сыйлық тағайындады.

"Бұл жобада еліміздегі танымал спортшылар, олимпиада чемпиондары жас ұрпақпен тікелей байланыс орнатады. Олар да бала болды, оларды да ата-аналары жетектеп, тәжірибелі бапкерлерге табыстады. Олимпиада медалі спортшының отбасы мен командасының ұзақ жылдар бойғы еңбегінің жемісі. Бәрі де балалық шақтан басталады. Балалар спорты мен бұқаралық спорт жолға қойылмайынша, үлкен спортта жетістікке жету мүмкін емес. Осыны ұмытпау керек. Өйткені, Олимпиада чемпионы немесе спорт жұлдызы болып туылмайды. Бұл атаққа жету үшін талай жолдан өтеді. Алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін аянбай тер төгеді. Балалар спорты осы қасиеттерді дамытуға үлкен үлес қосары анық. Баланың еңбек етіп, қиындықтан қорықпауына жол ашады. Бұл болашақта қажет болатын дүние. Бәрінің олимпиада чемпионы атануы шарт емес, ең бастысы - біздің жеңімпаздар балаларға бір қадам жақындап, тәжірибесімен бөлісіп, жеңіске апарар жолдың құпиясын түсіндіреді", - дейді ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.

Айта кетелік, бағалы сыйлықтап тарту ететін байқаулар тізбегі жалғасуда. #teamKZ жанкүйерлерінен ҰОК ресми сайты www.olympic.kz пен олимпиадашылардың әлеуметтік желідегі ресми аккаунттарын назарда ұстауды сұраймыз. Себебі, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті бағалы сыйлықтар ұтып алуға болатын түрлі байқаулар мен викториналар сериясын бастап кетті. Викториналарға 23 маусымға дейін қатысуға мүмкіндік бар.

Қазақстандағы олимпиадалық отбасы барша қазақстандықтарды олимпиадалық қозғалыстың бөлшегі болуға шақырады. Биыл Халықаралық Олимпиада күніне арналған іс-шаралар сандық форматқа көшті. Спорттық оқиғаға халықаралық федерациялар мен өзге де спорттық ұйымдар атсалысуда.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны