16.05.2022, 18:49 21551

Тоқаев ҰҚШҰ-ның басты міндеттерін атады

Мемлекет басшысы халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.
Тоқаев ҰҚШҰ-ның басты міндеттерін атады
МӘСКЕУ. 16 МАМЫР - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысқандарға ілтипат білдіріп, мерейтойлық сессияны ұйымдастырғаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
 
Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ның 30 жыл ішінде одан әрі даму үшін зор әлеуеті бар көпжақты ынтымақтастықтың нақты механизмі ретінде қалыптасқанын атап өтті.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік пен тұрақтылықты, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтау, мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ҰҚШҰ-ның басты міндеті екенін айтты. Президент ҰҚШҰ-ның тұрақты жұмыс органдарының табысты қызметіне, әртүрлі форматтағы тығыз ынтымақтастықты, сондай-ақ Ұйымның күштік, құқық қорғау және бітімгершілік әлеуетін күшейту мәселесіне тоқталды.
 
Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.
 

Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін", – деді Қазақстан Президенті.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің әлеуетін нығайту Ұйым қызметінің тағы бір өзекті міндеті екенін айтты.
 

Біздің ойымызша, қазірдің өзінде ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ Ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді", – деді Мемлекет басшысы.

 
Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады.
 
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің және ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Армения Премьер-Министрі Никол Пашинянның шақыруымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылуының 30 жылдығына және ұйымның құрылуының 20 жылдығына арналған ҰҚШҰ-ның мерейтойлық саммитіне қатысу үшін Мәскеуге келді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны