12.12.2022, 10:57 13136

Қазақстандағы инфляция соңғы 14 жылда тарихи ең жоғары деңгейге жетті - Тоқаев

Инфляция өсуінің негізгі факторлары - геосаяси шиеленістің күшеюі, әлемдегі бағаның рекордтық өсуі, логистиканың бұзылуы және көрші елдерде кейбір тауарлардың экспортына уақытша шектеулердің енгізілуі
Қазақстандағы инфляция соңғы 14 жылда тарихи ең жоғары деңгейге жетті - Тоқаев
Астана. 12 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі инфляция соңғы 14 жылда тарихи ең жоғары деңгейге жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендегенін айтты. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш - 19,6 пайыз.

Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр", - деп атап өтті Тоқаев.


Жуырда өткен Президент сайлауынан кейін "азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр", деді Президент, мемлекет оның сенімін ақтауы керек екенін атап өтіп.

Сондықтан, сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар қабылданды. Барлық іс-шара уақтылы және толық орындалуы керек. Әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады", - деп ескертті Мемлекет басшысы.


ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, инфляция өсуінің негізгі факторлары - геосаяси шиеленістің күшеюі, әлемдегі бағаның рекордтық өсуі, логистиканың бұзылуы және көрші елдерде кейбір тауарлардың экспортына уақытша шектеулердің енгізілуі.

Қазіргі кезде Үкімет инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыруда. Оның шеңберінде жедел және орта мерзімді іс-шаралар көзделген. Олар ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыруға, тауарларды сақтау және тасымалдау тетіктерін дамытуға, бөлшек сауданы қолдауға бағытталған", - деді Әлихан Смайылов.


Сондай-ақ, маусымаралық кезеңде азық-түлік тауарларының инфляциялық процестерін тежеу үшін ең тиімді нарықтық тетіктер, соның ішінде форвардтық қаржыландыру кеңінен пайдаланатын болады.

Премьер Үкімет қабылдаған шаралар алдағы жылдары Ұлттық қорға қаражат түсімдерінің көлемін ұлғайтуға және бюджет шығыстарының өсу қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік беретініне сендірді.

Әлихан Смайылов қазіргі уақытта ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру басталғанын, оның шеңберінде 2030 жылға дейін Мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа тұжырымдамасы қағидаттарын енгізу жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

2023 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферттерді 1,4 трлн теңгеге қысқартуға және бюджет шығыстарының өсу қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік беретін контрциклдік бюджеттік қағидалар бекітілді.

Бюджеттің теңгерімділігі өзінің кіріс базасын ұлғайту және шығыстарды неғұрлым басым бағыттарға шоғырландыру есебінен қамтамасыз етіледі", - деп атап өтті Премьер-Министр.


Сонымен қатар, оның айтуынша, бюджет процесі мен салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, осы бағыттарға жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге мүмкіндік беретін жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу басталды.

Жалпы алғанда, бюджет-салық саясаты 2030 жылға қарай мұнайға қатысты емес тапшылықты 5%-ға дейін төмендетуге, сондай-ақ Ұлттық қор активтерін $100 млрд-қа дейін өсіруге бағытталатын болады", - деді Әлихан Смайылов.


Премьер-Министр көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру жалғасып жатқанын, оның шеңберінде заңнамалық база жетілдіріліп, кедендік әкімшілендіруді одан әрі цифрландыру, тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін құру, қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту және валюталық бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Қабылданып жатқан шаралар өз нәтижелерін беруде. Атап айтқанда, 11 ай ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен бюджетке 900 млрд теңгеден астам қосымша түсім қамтамасыз етілді", - деді Әлихан Смайылов.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны