01.06.2021, 21:13 7974

Қазақстанда 2022 жылы балалар игілігінің индексі енгізіледі

Үкімет басшысы әкімдіктерге спортпен айналысатын балалардың санын арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
НҰР-СҰЛТАН. 1 МАУСЫМ - Қазақстанда 2022 жылы балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, білім алуын, материалдық әл-ауқатын, әлеуметтенуін қамтитын балалар игілігінің қазақстандық индексін енгізу жоспарлануда, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды.
 
Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, Асқар Мамин көшеде, білім беру ұйымдарында, демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты А. Мамин екі апта ішінде білім беру және бос уақытты өткізу саласының объектілерін тиісті қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын дайындауды тапсырды.
 

Бейнебақылау жүйелері мен олардың Полицияның жедел басқару орталықтарымен интеграциялануына, "дабыл түймесінің" болуына және шұғыл әрекет етуге ерекше назар аудару керек. Барлық іс-шаралар оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс", — деді А. Мамин.

 
Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау, оңалту, ауруды бала жастан бақылау бойынша шаралар қабылдау, мектеп медицинасын, ерте даму және скрининг кабинеттерінің, балалар үйлерінің, балалар стационарлары мен емханаларының материалдық-техникалық базасын жетілдіру тапсырылды. 
 
Үкімет басшысы әкімдіктерге спортпен айналысатын балалардың санын арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
 
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласында 22 нормативтік құқықтық акт әзірленіп, қабылданды. Бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицид мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары мен мерзімдері қабылданды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны