2024 жылы әлеуметтік-еңбек саласында 1,5 млн-нан астам мемлекеттік қызмет проактивті форматта көрсетілді
2024 жылы қазақстандықтарға әлеуметтік-еңбек саласында проактивті форматта 1,5 млн-нан астам түрлі мемлекеттік қызметтер көрсетілді. Көрсетілген қызметтердің саны 2023 жылмен салыстырғанда 200 мыңға өсті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігнің баспасөз қызметінен.
Проактивті формат белгілі бір өмірлік жағдай туындаған кезде қандай да бір қызмет көрсетудің өтінішсіз тәртібін көздейді. Барлық қажетті мәліметтер мемлекеттік деректер қорынан электронды түрде жиналады. Ол үшін азаматтарға ешқайда барудың қажеті жоқ, тек SMS-хабарламаға жауап берсе жеткілікті.
Проактивті қызметтердің бір бөлігі Отбасының цифрлық картасы арқылы көрсетіледі, ол автоматты режимде әл-ауқат деңгейін, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың тиісті шараларын айқындайды. Оны енгізудің арқасында 2024 жылы 642 мыңнан астам адам мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS алды. Бұл ретте өтінішсіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 263 мың адам пайдаланды.
2024 жылғы ақпанда тағы бір мемлекеттік қызмет, атап айтқанда "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" қызметі проактивті форматқа ауыстырылды.
Осылайша, бүгінгі таңда проактивті форматта әлеуметтік-еңбек саласында 28 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олардың ішіндегі ең сұранысқа иелері:
- жұмыссыз азаматтарды тіркеу (771 мың);
- бала тууына және бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау (218 мың);
- бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау (172 мың);
- инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасы мен зейнетақы жинақтарының сомасы (мемлекеттік кепілдік) арасындағы айырманы төлеу (177 мың);
- мүгедектікті және/немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау (97 мың).
Сонымен бірге жекелеген қызметтерді түрлендіру және жеңілдету бойынша да жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, 30 нозология бойынша мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру жалғасуда. 2024 жылы осындай форматта 97 мыңға жуық өтінім қаралды.
Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдау мүмкіндігі қолжетімді. 2024 жылы 1,1 миллионнан астам тапсырыс орындалды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.