14.05.2021, 21:11 10364

Экология министрлігі Батыс Қазақстанда 370 киіктің қырылу себебін тергеуде

Болжам бойынша киіктердің қырылуы сол мекендегі қолайсыз ауа райына (нөсерлі жауын мен найзағай) байланысты болуы мүмкін.
НҰР-СҰЛТАН. 14 МАМЫР - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Батыс Қазақстан облысында киіктердің жаппай қырылуының болжамды себебін атады.
 
2021 жылдың 13 мамырында БҚО-ның Жәнібек ауданы Тау ауылы маныңда өлген 372 бас киік (басым бөлігі аналық туша) табылған.
 
Оқиға орнына қажетті іс-шараларды жүргізу үшін шұғыл түрде облыстық Экология департаментінің, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті инспекциясының, облыстық Ветеринария басқармасының, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тартылған.
 

Киіктердің жаппай қырылу фактісі бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың жедел штабы құрылды. Болжам бойынша киіктердің қырылуы сол мекендегі қолайсыз ауа райына (нөсерлі жауын мен найзағай) байланысты болуы мүмкін. Себебі, ұшаларда найзағай разрядынан зақымдану ізі байқалады. Құзырлы мемлекеттік органдардың зерттеу және қорытынды жұмыстары аяқталған соң, нақты нәтижесі қосымша хабарланады", - деп мәлім етті Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметінен.


Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандық ғалымдар елдегі киіктер популяциясының күрт төмендегенін мәлімдеді: браконьерлік факторы өсуде, бұл ретте осы жануарларды қорғау жөніндегі арнайы бағдарлама жоқ.

Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны