19.06.2024, 16:37 31181

Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті

Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті
Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Мемлекет басшысы су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.

Президент, ең алдымен, бұл бұрын ешқашан болмаған ең жойқын табиғи апат екенін атап өтті. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, ел көлемінде 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты.

Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев топан сумен күреске күштік құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкері атсалысқанына назар аударды. Құтқару операциясы барысында 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 40 мың бала қауіпсіз жерге көшірілді.

Бұл – құтқарушылар мен ұшқыштардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әбіш Кекілбаев «Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу» деп айтқан. Ұлттық еріктілер желісі табиғи апат болған сәттен бастап ерекше белсенді болды. 50 мыңнан астам волонтер көмек керуендерін ұйымдастырды. Олар апат аймақтарына азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жеткізуге атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы ортақ іске мол септігін тигізді", – деді Президент.


Президенттің айтуынша, су тасқыны кезінде халқымыз бірлігі бекем, ынтымағы берік ел екенін көрсетті.

Алапат су тасқындап келіп қалғанда, отандастарымыз табиғат апатымен күресіп жатқан құтқарушыларға көмек қолын созды. Олар су басқан аймақтарда жауапты қызмет мекемелеріне жәрдемдесіп, жанқиярлықпен әрекет етті әрі батылдық танытты. Көбі адамдар мен жануарларды өз көліктерімен қауіпсіз жерге алып шықты. Мыңдаған жанашыр азамат тасқын судан қорғайтын бөген салуға қатысты. Ортақ күш-жігердің арқасында біз жағдайдың ушығып кетуіне жол бермедік", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, апат салдарын жоюға атсалысқан әр азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.

Баршаңызға мәлім, қазір «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Бұл – өте маңызды әлеуметтік, тіпті саяси жоба. Оның түпкі мәні – ұлтты ортақ іске ұйыстырып, елімізді көркейте түсу, халқымыздың жаңа экологиялық сана-сезімін дамыту. Бұған, ең алдымен, өздеріңіз сияқты адал азаматтар ұйытқы болады. Ел мүддесі үшін жасалған еңбек пен ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан бүгінгі марапатты халықтың сіздерге деген зор алғысы деп қабылдаған жөн", – деді Президент.



 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны