06.09.2024, 13:23 69506

Алматыда FaceID жүйесі арқылы "Даму бала" бағдарламасы бойынша секциялар мен үйірмелерге қатысуды бақылау күшейтіледі

Қала әкімі Ерболат Досаев жеткізушілердің жауапкершілігін арттыру жөнінде кеңес өткізді. Биыл шығармашылық және спорттық мемлекеттік тапсырысты іске асыруға шамамен 16,5 млрд теңге бөлінді. Үйірмелер мен секцияларға 72 633 бала қатысып, қызметті 1038 жеткізуші көрсетеді, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Қызмет көрсету сапасын тексеру мақсатында арнайы мониторинг тобы құрылып, құрамына Қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, аудан әкімдіктерінің өкілдері және белсенді азаматтар кірді. Мониторинг барысында қала аудандарында жұмыс істейтін 52 жеткізуші тексерілді.

Соның нәтижесінде мекенжайлардың нақты болмауы, балалар санының сәйкес келмеуі, қосымша төлемдер алу, антисанитария және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау сияқты бұзушылықтар анықталды.

Міндетіне салғырт қараған жеткізушілердің ісі құқық қорғау органдарына және прокуратураға жіберілді.

Мониторинг нәтижесінде қайталанатын бұзушылықтарды болдырмау үшін бірқатар шешім қабылданды. Қатысуды бақылауды күшейту үшін FaceID жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе баланың әрбір сабаққа қатысуын тіркеп, тек нақты көрсетілген қызметке ғана төлем жүргізуге мүмкіндік береді. DamuBala қосымшасында күн, уақыт және геолокация тіркеледі. Жүйені енгізу және оның жұмыс істеу шығыны жылдың соңына дейін қалалық бюджет есебінен өтеледі. Жеткізушілер аудан әкімдіктерімен қосымша келісімдерге қол қояды.

Сонымен қатар, бағдарламаны одан әрі жетілдіру және көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру үшін жаттықтырушылар мен нұсқаушылардың біліктілігіне, ғимараттардың өлшемдері мен жабдықталуына, қауіпсіздік техникасына қойылатын талаптар әзірленіп, жеткізушілермен жасалатын келісімдерге енгізіледі. Сондай-ақ, қаланың 8 ауданында білім беру қажеттілігіне талдау жүргізіліп, сол негізде қызмет түрлеріне сұраныс қалыптастырылады.

Бұрын көрсетілген қызметтерге төлем жасау мәселесі көтерілген болатын. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, орындалған жұмыстар актісі тексерілгеннен кейін барлық жауапты жеткізушіге жақын арада тиісті төлем жүргізіледі.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны