28.10.2021, 13:57 28796

Авиаотынның жетіспеушілігі: ҚР Энергетика министрлігі жағдайға түсініктеме берді

НҰР-СҰЛТАН. 28 ҚАЗАН - ҚР Энергетика министрлігі Нұр-Cұлтан әуежайының авиаотынның жетіспеушілігі туралы мәлімдемесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Әуежайлар мен авиакомпаниялар импорттың қажетті көлемін жеткізуді қоса алғанда, авиаотынмен қамтамасыз ету мәселелерін алдын ала және өздігінен пысықтаулары тиіс. Аталған жағдай шаруашылық жүргізуші субъектілердің ағымдағы коммерциялық қызметі болып табылады. Министрлік өз тарапынан қыркүйек айының басында компанияларға Павлодар мұнайхимия зауытында жоспарланған жөндеу жұмыстары туралы хабарлаған болатын", - деп хабарлады Энергетика министрлігі.

 
Ведомствода атап өткендей, Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы бойынша жағдайды шешу мақсатында келесі реттегі шаралар қабылданды:
 
- Қазан айында Мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) қосымша 2 000 тонна авиаотын шығарылады, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына қосымша көлем бөлінетін болады;
 
- Ірі жеткізушілер қарашаға арналған көлемдер бойынша жедел келісімшарттар жасасады және МӨЗ-ден жөнелтуді жеделдетеді;
 
- Сондай-ақ, ірі жеткізушілердің бірі Нұр-Сұлтан әуежайына қосымша 700 тонна авиаотын жеткізеді.
 

Осы орайда, әуежайлар тарапы қажет отын көлемін тек қана ірі емес, сонымен қатар шағын жеткізушілерден коммерциялық бағамен сатып алуы қажет екендігін атап өтеміз. Сондай-ақ, Ресей нарығында авиаотын бойынша жағдайдың жақсарғандығын ескере отырып, Ресей МӨЗ-нен импорттау мүмкіндігі де бар екендігін қосымша атап өтеміз. Индикативтік балансқа сәйкес РФ-дан 300 мың тоннаға дейін импорт жасау жоспарланған, іс жүзінде 9 айда ол бар болғаны 55 мың тоннаны құрады", - деп хабарлады Энергетика министрлігі.

 
Бұған дейін Нұр-Сұлтан әуежайында жанармай тапшылығы туралы хабарланған болатын. Әуежай өкілдері бұл әуежайдың қалыпты жұмыс істеуіне қауіп төндіретінін атап өтті.
 
Сондай-ақ, SCAT әуекомпаниясы компаниядағы авиакеросин қоры сыни деңгейге жеткенін хабарлады.
 

Үш қалада жағдай өзінің шарықтау шегіне жетті: компанияның Ақтаудағы авиациялық отын қоры таяудағы төрт күнге ғана, ал Ақтөбе мен елорда әуежайында - екі күнге жетеді. Ұшу кестесінің жүз пайыз орындалуын қамтамасыз етуге тырысып, бірақ авиаотынның қажетті көлемін ала алмай, компания ҚР әуежайларының көпшілігінде өз қорларын нөлдендірді", - делінген SCAT хабарламасында.


 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны