10.06.2022, 16:33 26156

Қазақстан әскери доктринаны өзгертуге ниетті

Қазақстан әскери доктринаны өзгертуге ниетті
Сурет: gov.kz
НҰР-СҰЛТАН. 10 МАУСЫМ - Қорғаныс министрлігі "Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №554 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Президент Жарлығының жобасын әзірледі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, негізгі құжатты жаңа болмысқа бейімдеуге бағытталған қолданыстағы Әскери доктринаны қайта қарауды жүзеге асыруда.
 
Құжатқа өзгерістер енгізуді осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
 
Доктринаға "дағдарысты жағдай" - ел аумағындағы немесе оның бөлек жергілікті жеріндегі әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған салдарынан қалыпты қызмет ету режимінің бұзылуымен байланысты жағдай деген ұғым енгізіледі.
 
Сондай-ақ, "резервтегі әскери қызмет" - резервте болатындардың әскери жиындардан және арнайы даярлықтан өтуін қамтитын әскери қызметтің ерекше түрі деген ұғым қарастырылған.
 
Қазақстан Республикасына төнетін әскери қатерге әкеп соқтыруы мүмкін негізгі жағдай бөлімі мынадай тармақтармен толықтырылды:
 
- мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған ақпараттық-насихаттау жұмысын, атап айтқанда ақпараттық операциялар (кибершабуыл) жүргізу, халықаралық аренада теріс ахуалды қалыптастыру;
 
- Қазақстан Республикасының және шектес мемлекеттердің аумағында деструктивті элементтерді жасырын дайындау;
 
- ғарыштық кеңістікте басым түсу үшін күресуді күшейту;
 
- шекара қауіпсіздігіне ықпал ететін Мемлекеттік шекарадағы жағдай болып табылады.
 
Сондай-ақ, қалыптасатын жағдайда Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігіне мынадай фактор ықпал етуі мүмкін: Мәскеу, Лондон және Вашингтон қалаларында 1972 жылғы 10 сәуірде жасалған Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруды жасауға, шығаруға және оның қорын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияның ережелері шеңберінен тыс шығатын процестер мен оқиғалар. 
 
Түзетулерге сәйкес, қазіргі заманғы жағдай мен факторларды талдау нәтижесіне сүйенсек, Қазақстан Республикасына әскери қатерді мыналар төндіруі мүмкін: 
 
- мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыруға, конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған, оның ішінде ақпараттық және киберкеңістікте құрылымды бұзатын күштердің әрекеті;
 
- Қазақстан Республикасының ғарыш саласындағы мүмкіндігін шектеуге, сондай-ақ ғарыштық кеңістіктен ықпал ету арқылы мемлекеттің әскери әлеуетін төмендетуге бағытталған әрекет;
 
- террористік және экстремистік әрекет. 
 

Әскери жанжал басталғанға дейін және қарулы күрес барысында мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыру, оның әскери және әскери-экономикалық әлеуетін төмендету мақсатында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның, оның ішінде мемлекеттік және әскери басқарудың өте маңызды объектілеріне зиянды бағдарламалық-техникалық әсер ету (кибершабуыл) жүзеге асырылуы мүмкін. Әлемдік аренада мемлекет маңында теріс ахуалды қалыптастыру мақсатында ақпараттық кеңістікте күшейтілген әсер ету жүргізілуі мүмкін", - делінген жобада.

 
Құжаттың толық мәтінімен мына жерде танысуға болады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны