14.10.2024, 15:45 33246

Қазақстанда суару маусымы аяқталды

Қазақстанда суару маусымы аяқталды
Еліміздің барлық аймағында суару маусымы аяқталды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрлігінің баспасөз қызметінен.

Вегетация кезеңі 1 сәуірде басталды. Құрғақшылық туралы түрлі болжамдарға қарамастан, Үкімет қажетті іс-шараларды қабылдап, шаруаларды суармалы сумен үздіксіз қамтамасыз етті. Суару кезеңінде Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларға 11,2 млрд текше метрге жуық су берді.

Биыл министрлікке ведомстволық бағынысты "Қазсушар" мекемесінің филиалдары шаруа қожалықтарымен суармалы су беру жөнінде 25 мыңға жуық келісімшарт жасады.

Су тұтыну көлемі бойынша көш басында - Қызылорда облысы. Өңірдің дихандарына 3,7 млрд текше метр су берілді. Түркістан облысының шаруалары 3,4 млрд текше метр су алды. Жетісу облысының дихандарына 1,37 млрд текше метр су берілсе, Алматы облысының шаруалары 1,57 млрд текше метр су пайдаланды.

Үкімет төтенше жағдай мен суармалы су тапшылығының алдын алды. Біз былтырғы жағдайдан тәжірибе жинап, сабақ алдық. Осының нәтижесінде биыл шаруаларды үздіксіз суармалы сумен қамтамасыз еттік. Су дипломатиясы да маңызды рөл атқарғанын айта кеткен жөн. Биыл Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елімізге бастапқыда болжанған көлемнен артық су жіберді", - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.


Бүгінгі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқыны кезеңіне дайындықты бастады. Еліміздің солтүстік, батыс, шығыс және орталық аймақтарындағы су қоймаларынан су жіберіле бастады. Ал, оңтүстік облыстардағы су қоймалары керісінше, су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр.

Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының келесі отырысында Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс кестесі жасалады және келесі жылға су беру көлемі бекітіледі.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны