26.04.2023, 16:11 24101

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі
Сурет: Depositphotos
ҚР Қылмыстық кодексінде қылмыскерге тәуелді адамға қатысты әрекет жасау белгілері енгізілген

Астана. 26 сәуір. KAZAKHSTAN TODAY - 17 сәуірде Мемлекет басшысы қылмыстық сот төрелігінде жазаны орындау және азаптау мен қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселесі бойынша Заңға қол қойды. Заң отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтеді. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді.

Парламент депутаттары түзетулерімізді қолдады, Мемлекет басшысы оларға қол қойды. ҚР ҚК өзгерістері 15 мамырдан бастап, ӘҚБтК 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді", - деп түйіндеді ІІМ Әкімшілік комитетінің басшысының орынбасары.


Спикердің айтуынша, жыл сайын полицияға отбасылық-тұрмыстық жанжалдар туралы 100 мыңнан астам өтініш пен хабарлама келіп түседі. Бұл саладағы заңнама біресе қатаңдатылды, біресе жеңілдетілді, бірақ бұл айтарлықтай өзгерістер әкелмеді. Оның үстіне, 2015-2016 жылдары 100 мыңнан астам хабарлама бойынша кінәлілер ешқандай жазаға тартылған жоқ. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері басқа проблемаға тап болды - жәбірленушілер көбінесе агрессорға қаржылық және психологиялық тәуелді бола тұра, шағымданғысы келмейді.

ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы әрбір хабарламаға ден қою шараларын қолданады, алайда 60% жағдайда жәбірленушілер арызданудан бас тартады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жәбірленушінің өтініші болмаса, отбасындағы жанжалқойды жауапқа тартуға болмайды. Нәтижесінде, жазасыздық бассыздыққа әкеледі, қол жұмсау әдетке айналады, көбінесе мұның салдары ауыр болады", - деді ІІМ комитетінің төрағасының орынбасары.


Биылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 26 мың қорғану нұсқамасы шығарылды. Жанжалқойларға қатысты 17,5 мың әкімшілік хаттама жолданды. Сот шешімі бойынша 4 мыңнан астам адам қамауға алынды. Алайда, жәбірленушілердің жартысына жуығы сотта агрессорлармен татуласты. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталанған жағдайлары жиі кездеседі.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы тапсырма берді. Оған сәйкес, ІІМ осындай құқық бұзушылықтарды тіркеудің арызданудан анықтаушы сипатына көшуді көздейтін заңнамалық өзгерістер әзірледі.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, полиция жанжал болған жерге келгеннен кейін жәбірленушілер арыз жазудан бас тартады. Өткен жылы ғана 70 мыңнан астам осындай факті орын алған. Алайда, полиция кеткеннен кейін жанжалдар қайта басталып, кейде ауыр зардаптарға әкеледі", - деді спикер.


Түзетулер жәбірленушінің өтінішінсіз осы салада әкімшілік іс қозғауға мүмкіндік береді. Енді хаттама толтыру үшін көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларынан немесе полиция қызметкерінің бейнетіркегішінен жазбалар жеткілікті.

Тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі алынып тасталады.

2022 жылы тұрмыстық жанжалдар бойынша сотқа 47 мың әкімшілік хаттама жіберілді, оның 20 мыңы татуласуға байланысты тоқтатылған. Енді сотта бір рет қана татуласуға болады.

Айта кету керек, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай белгіленіп, ұлғайтылды. ҚР Қылмыстық кодексінің кейбір баптарына күшейтілген түзетулер енгізілді.

Әкімшілік құқық бұзушылық заңнамасынан өзге, қылмыстық заңнамаға да өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, тұрмыстық жағдайда "кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты жасалған" ауыр жарақат және орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіргені үшін ауырлататын қылмыстық жауапкершілік туындайтын болады. Қылмыстық кодекстің 106-шы және 107-ші баптарында көрсетілген "кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты іс-әрекет жасау" деген ауырлататын мән-жайлар енгізілді", - деді ҚР ІІМ Тергеу департаменті басқармасының бастығы Ермек Шүлден


Сондай-ақ, оның айтуынша, түзетулер сотталғандардың денсаулығын сақтау құқығын жүзеге асыру, ауыр сырқаттар болған кезде адамгершілікпен қарау, сотталған әйелдердің балаларымен әлеуметтік байланыстарын сақтау, алғаш рет сотталғандар арасында заңға бағыну мінез-құлық тетіктерін кеңейтуді, сондай-ақ ұлттық заңнаманы БҰҰ-ның азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясына сәйкес келтіруді көздейді.

Заңның тағы да бір жаңалығы - бейнежазбаны қолданған жағдайда тергеушінің қысқаша хаттама жасау құқығының енгізілуі.

Бұл процесуалдық мерзімнің қысқаруын және азаптауды болдырмауды қамтамасыз етеді. Норма азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға, тергеу әрекеттерін жүргізу уақытын қысқартуға және бюрократиядан арылуға бағытталған", - деді Е. Шүлден.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны