17.06.2024, 20:02 28431

Қазақстанның екі қаласындағы теміржол бекеттерінде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды

Қазақстанның екі қаласындағы теміржол бекеттерінде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды
Шымкент пен Павлодар қалаларындағы теміржол вокзалдарында қайта жаңарту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметінен.

Мәселен, Шымкент теміржол вокзалында ауқымды реконструкция жұмыстары жүргізілді. Вокзал өткен ғасырдың 60-жылдарында бой көтерген. Стратегиялық нысанда 20 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Вокзал тәулік сайын бірнеше мың жолаушыны қабылдауға қауқарлы. Қайта құру жұмыстарынан кейін ғимарат сырты тартымды келбетке ие болды. Ендігі кезекте вокзалдың жалпы ауданы 2 249,33 шаршы метрге дейін ұлғайды және вокзал тәулігіне 6 мың адамға дейін қабылдай алады. Күту залдарының да ауданы 1982,3 шаршы метрге дейін ұлғайды. Билет кассаларының саны алтыдан сегізге дейін өсті. Намазхана және ана мен бала бөлмесі тиісті жиһазбен жабдықталған.

Павлодар теміржол вокзалы да биыл толығымен жөнделгенін атап өткен орынды. Вокзал ғимараты 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Нысанда бұған дейін күрделі жөндеу жұмыстары 2004-2005 жылдары жүргізілген. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жарықтандыру, желдету, су және жылыту жүйелері ауыстырылған. Вокзал бірыңғай күту аймағымен жабдықталды. Сақтау камерасы мен дәріхана да халыққа қызмет көрсетеді. Ана мен балаға арналған жеке бөлме, ойын алаңы ашылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін лифтілер мен арнайы көтергіштер орнатылған. Жалпы күрделі жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары заманауи талаптарды ескере отырып жүргізілген.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны