17.09.2024, 14:30 22481

Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының, ГФР Канцлері және Германияның ірі бизнес өкілдерінің кездесуіне қатысты

Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының, ГФР Канцлері және Германияның ірі бизнес өкілдерінің кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Федералдық канцлер Олаф Шольцке, Орталық Азия елдерінің президенттері мен неміс компанияларының басшыларына ілтипат білдіре отырып, "Орталық Азия - Германия" форматындағы екінші кездесу санқырлы серіктестікті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті. Қазақстан Президентінің айтуынша, жан-жақты пікір алмасулар мемлекеттер басшыларының ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растайды.

Германия мен өңірдегі мемлекеттердің арасындағы байланысқа ұдайы дәнекер болып келе жатқаны үшін Германия экономикасы Шығыс комитетіне ерекше алғыс айтамын. Германия - экономикалық және технологиялық инновация саласында әлемдік көшбасшылардың бірі. Бұл елдің өнімдері өзінің сапасымен әйгілі. Ал Орталық Азия - қарқынды дамып келе жатқан, әлеуеті орасан зор әрі өзара тиімді серіктестікке мол мүмкіндік ашатын аймақ. Орталық Азия - Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан технологияны трансферттеу, өндірісті локализациялау және қосылған құны жоғары өнім шығару ісінің орталығы бола алады. Осы тұрғыдан алғанда, түрлі салада ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Аса қажетті шикізатты игеру, энергетика, көлік және логистика, қаржы, ауыл шаруашылығы мен ақпараттық технология сияқты салалардағы кооперацияны одан әрі нығайтудың перспективасы мол", - деді Мемлекет басшысы.


Президент кездесуге қатысушылар достық және сындарлы сипатта өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарын талқылауға мүмкіндік алғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев идея мен тәжірибе алмасу өңірдегі мемлекеттердің жан-жақты дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы ашық және мазмұнды диалог үшін кездесу қатысушыларына алғыс айтты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны