Прокуратура Қазақстанға Jusan тобын бақылауды қайтаруға ниетті
Талап арыз Jusan Bankтің жұмысына қатысты емес, яғни оның ағымдағы қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды
Сурет: yandex maps
Астана. 16 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қайшы әрекеттері нәтижесінде Jusan тобы шет мемлекеттер азаматтарының бақылауына өту фактісі бойынша прокурорлық ден қою шараларын қабылдау туралы өтініш келіп түсті, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Алматы қаласының Бостандық аудандық соты "Pioneer Capital Invest" ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы "First Heartland Jusan Bank" АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың ("Jusan" тобы) активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Талдау барысында "Jusan" тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталды. Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген, деп түсіндірді Бас прокуратура.
Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі "Pioneer Capital Invest" ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған. Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде "Назарбаев Университеті" мен "Назарбаев Зияткерлік мектептерінің" ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндірді. Себебі "Jusan" тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері аталмыш оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі", - деді баспасөз қызметінде.
Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан "Жусан" тобы шетелдік мемлекеттер азаматтарының бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы "Назарбаев қорының" арызы келіп түсті.
Осылайша, прокуратура органдарының мақсаты тек әділеттілікті қалпына келтіріп, "Jusan" тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару болып табылады.
Сонымен қатар, аталған талап арыз Jusan Bankтің жұмысына қатысты емес, яғни оның ағымдағы қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыратын болады", - деп қосты Бас прокуратурада.
16.02.2023, 11.40 толықтырылды
Банк үшін тәуекелдердің жоқтығын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де растады.
ҚР Бас прокуратурасының Jusan Bank-тің шетелдік акционерлеріне қатысты азаматтық талап-арызы банкті бақылауды шетелдік юрисдикциядан қазақстандық юрисдикцияға қайтаруға бағытталған және Банк үшін ешқандай тәуекелдері болмайды. Jusan Bank штаттық режимде жұмыс істеуде, барлық пруденциялық нормативтерді орындауда және қаржылық орнықты банк болып табылады, сондай-ақ клиенттер алдындағы міндеттемелерді уақтылы және толық көлемде орындауда", - деп сендірді ведомствода.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.