17.01.2023, 16:24 15901

Тоқаев БАӘ Президентімен келіссөз жүргізді

Тоқаев БАӘ Президентімен келіссөз жүргізді
БАӘ мен ҚР арасындағы "ашық аспан" режимін 2027 жылдың соңына дейін ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді

Абу Даби. 17 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Мемлекет басшысы сондай-ақ биыл шетелге алғашқы ресми сапары Біріккен Араб Әмірліктерінен басталып отырғанын атап өтіп, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуда бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды.
 

Әмірліктер - ислам және араб әлеміндегі біздің сенімді әрі басты стратегиялық серіктесіміз. Сіздің еліңіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Қазақ халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Әсіресе, елордамызды көркейтуге Араб Әмірліктері зор үлес қосты. Бұл - шынайы достықтың айқын көрінісі", - деді Мемлекет басшысы.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан мен БАӘ арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын еске салды. Сонымен бірге осы кезеңде түрлі саладағы ынтымақтастық нығая түскенін, екі ел арасында мазмұнды әрі ашық саяси диалог орнағанын атап өтті.
 

Екі елдің қарым-қатынасында түрлі салада жетістіктер аз емес. Дегенмен екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Осы сәтті пайдаланып, Сізге зор алғысымды білдіремін", - деді Президент.

 
Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаннан бері екі елдің ынтымақтастығы жоғары деңгейге көтерілгеніне тоқталып, Қазақстанмен саяси және экономикалық байланыстар аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
 

Елдеріміздің энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санаймыз. Осы сапар барысында жаңартылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылды. Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге асатынына зор үміт артамын. Елдеріміздің ауаға таралатын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жоспарлары да ұқсас. Біріккен Араб Әмірліктері көміртегі бейтараптағына 2050 жылға дейін жетуді жоспарласа, Қазақстан бұл мақсатты 2060 жылға дейін орындауды көздеп отыр. Бұл - біздің болашақ ұрпақ үшін өте маңызды мәселе", - деді Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті.

 
Келіссөз барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар жаңартылатын энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы, тау-кен, көлік-логистика, құрылыс-девелопмент және халықаралық қаржы орталықтары арасындағы ынтымақтастық сынды перспективалы салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықтынығайту жөнінде уағдаласты.
 
Екіжақты ынтымақтастықтың басқа да басым бағыттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның Бірлескен мәлімдемесінде жарияланды.
 
Ресми сапар аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:
 
  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларация;
  2. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Бас азаматтық авиацияның басқармасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  3. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, "KIDF" қоры және "Masdar" компаниясы арасындағы Қағидаттар туралы келісім;
  4. "KIDF" қоры мен "Masdar" компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  5. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және "Abu Dhabi Ports" компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  6. "ҚазМұнайГаз" ҰҚ" АҚ және "Abu Dhabi Ports Group" компаниясы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісім;
  7. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Денсаулық сақтау және профилактика министрлігі арасындағы Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  8. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Ануар Гаргаш атындағы Дипломатиялық академия арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  9. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық кітапханасы мен архивтері арасындағы Архив ісі саласындағы халықаралық байланыстарды жүзеге асыру жөніндегі келісім.

17.01.2023, 16.53 толықтырылды
 
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан мен БАӘ арасында қол қойылған теңіз инфрақұрылымы және әуе қатынасы саласындағы меморандумдардың мәнін түсіндірді.
 

БАӘ мен ҚР арасындағы "ашық аспан" режимін 2027 жылдың соңына дейін ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ, қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде БАӘ тарапынан жаңа әуе тасымалдаушылары тағайындалды (Wizz Air Abu Dhabi, Air Arabia Abu Dhabi). Жалпы, тараптар азаматтық авиация саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға келісті", - деп хабарлайды Азаматтық авиация комитеті.

 
Сондай-ақ, тараптар Abu Dhabi Ports компаниясымен теңіз порттарының инфрақұрылымын дамыту бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті. Соған сәйкес аталған компанияға контейнерлік хаб пен Құрық портында "Саржа" көп қызметті терминалын салу, сондай-ақ кеме шығарып, жөндейтін зауыттың құрылысына байланысты жобалар ұсынылды, деп хабарлады ИИДМ.
 

Таяуда Abu Dhabi Ports-тың басшысы Мұхаммед Әл-Шамсимен онлайн режімде келіссөздер жүргізіп, оның нәтижесінде Әмірліктер тарапы Құрық портын дамытуға қызығушылық танытып отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ БАӘ-мен "Қазақтеңізкөлікфлоты" ҰТКҚК" ЖШС-не 2 танкерді беру бойынша да келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жоғарыда айтылған жобаны іске асыру үшін Abu Dhabi Ports - "ҚазМұнайГаз" - "Қазақтеңізкөлікфлоты" арасында бірлескен кәсіпорынды құру жоспарланған", - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

 
Сонымен қоса ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары кезінде еліміздің ұшу географиясын кеңейтумен бірге БАӘ арасындағы әуе қатынасты одан әрі нығайту үшін екі елдің авиациялық биліктері Авиациялық қатынас туралы ведомствоаралық меморандумға қол қойды.
 

Қазіргі таңда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында 8 бағыт бойынша аптасына 60 рейс орындалып келеді. Әуе тасымалын Fly Dubai, Air Arabia, Wizz Air Abu Dhabi мен отандық "Эйр Астана" компаниясы іске асырып келеді".

 
Бұдан бөлек араб мемлекетімен өнеркәсіп саласында да жемісті әріптестік орнаған. Айталық, қазір Павлодар облысында Canarax (БАӘ) компаниясы техникалық кремнийді өндіретін зауытты салуға байланысты жобаны сәтті іске асырып келеді.
 

Қазір аталған зауыттың жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Мемлекеттік сараптама осы жылдың басында жүргізіледі деп көзделген. Құрылыс-монтаж жұмыстары алдағы ақпан айында басталады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын 2024 жылы іске қосылуы тиіс", - деді М. Қарабаев.

 
Естеріңізге сала кетейік, бүгін БАӘ-де Қазақстан Президентінің салтанатты кездесу рәсімі өтті. Мемлекет басшысының құрметіне 21 рет зеңбіректен оқ атылды. Тоқаев пен шейх Мұхаммед ресми делегация мүшелерін бір-бірімен таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстан басшысы Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны