Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
Астанада "Жұлдызай" және "Аяулым" қаржы пирамидаларын ұйымдастыру ісі бойынша үкім шығарылды
Астанада "Жұлдызай" және "Аяулым" қаржы пирамидаларын ұйымдастыру ісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды ҚМА-нің баспасөз қызметінен.
Тергеп-тексеру ісі Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментімен жүргізілді.
Тергеу барысында күдіктілер өздерін әлеуметтік желілерде табысты кәсіпкерлер ретінде таныстырып, азаматтарға тендерлерге қатысу арқылы тез табыс табу схемасын ұсынғаны анықталды.
Инвестицияның ең төменгі сомасы 1 млн теңгеден басталып, 40 күн ішінде ұсынылған табыс 90%-дан асатыны айтылды.
Сонымен қатар, салымшылар әр жаңа тартылған қатысушы үшін жарнасынан 10% қосымша пайда алған.
Нәтижесінде қаржы пирамидасына 60 адам тартылып, жалпы шығын 490 млн теңгеден асты.
Сонымен қатар, күдіктілердің бірі салымшылардың қаражатына елорданың премиум санатындағы құны 69,5 млн теңге тұратын пәтер сатып алып, қайынен есіне ресімдеген.
Алайда сотқа дейінгі тергеу басталғанын білген соң, мүлікті тәркілеуден жасыру мақсатында үшінші тарапқа рәсімдеп үлгерген.
Дегенмен, тергеу барысында бұл мәміленің жалған екендігі дәлелденіп, сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды.
Тергеу барысында күдіктілер жәбірленушілерге 72 млн теңге көлемінде шығынды өтеді.
Сот үкімімен қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы ("Қаржы пирамидасын құру және басқару"), ал күдіктілердің бірі қосымша ҚР ҚК 218-бабы 1-бөлігі ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру") бойынша кінәлі деп танылды.
Оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған пәтер мен автотұрақ тәркіленіп, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу үшін берілді.