Дайындалып жатқан лаңкестік актілері туралы хабарламаға шетелдіктердің қатысы бар - ІІМ
Сурет: Depositphotos
Дайындалып жатқан лаңкестік актілері туралы хабарламалар мен таратылымдарға ТМД елдерінің азаматтарының қатыс бар, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Полиция ведомствосында лаңкестік актісі туралы жалған хабарлама үшін жауапкершілік қарастырылатынын еске салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
25 қаңтардан бастап Telegram мессенджерінде мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы анонимді хабарламалар тарала бастады. Хабарламалар Қазақстанның алты қаласында, яғни Ақтөбеде, Атырауда, Алматыда, Павлодарда, Қарағандыда және Қостанайда келіп түскен. Лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Атырау және Павлодар қалаларында таралған хабарламаларға ТМД елдері азаматтарының қатысы бар екені анықталды. Шетелдік әріптестермен олардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Алайда тергеу мүддесіне байланысты біз әзірге бұл фактілер бойынша толық түсініктеме бере алмаймыз. Сондай-ақ Қарағанды және Қостанай қалаларында шабуыл жасау қаупі бар хабарламалардан кейін кәмелетке толмағандардың Telegram-арналарын ашқаны анықталды. Олар бұрын таратылған хабарламалардың мәтінін көшіріп, оқу орындарының фотосуреттерін орналастырып, өз мектептерінің чаттарына жалған ақпарат жолдаған. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласы №15 орта мектебінің жетінші сынып оқушысы және Қостанайдағы №3 мектеп-гимназиясының төртінші сынып оқушысы анықталды. Олардың қылмыстық жауапкершілік жасына жетпегені ескеріліп, ата-аналары бала тәрбиесіне көңіл бөлмегендері үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ сот шешімі бойынша олар жедел қызметтерді жалған шақыртуға және білім беру объектілерін тексеруге байланысты мемлекетке келтірілген залалды өтейтін болады. Шығын көлемі екі миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін", - деді ІІМ имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы Альбина Махамбетова.
Лаңкестік актісіне дайындық туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 мың АЕК мөлшерінде, яғни 18 млн теңгеден астам айыппұл не болмаса 5 жылға бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылады. Дүрбелеңге жол бермеу үшін полиция халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл ретте оқушыларға ерекше көңіл бөлінеді.
Хабарламалар жалған болғанына қарамастан, онда көрсетілген орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күзетті күшейту бойынша шаралар қабылданады. Сонымен бірге арандатушылық жарияланымдарды орналастыратын анонимді арналар бойынша мессенджерлердің әкімшілігімен жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, жалған ақпарат таратқан анонимді арна қазіргі уақытта бұғатталды. Бұл жұмыс жалғасатын болады. Өткен жылы полиция лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бойынша 215 қылмыстық іс қозғады. 43 адам анықталды, оның 19-ы кәмелетке толмаған, 7 адам сотталды, оның ішінде 2-уі кәмелетке толмаған. Әрбір осындай факт бойынша жан-жақты тергеу жүргізіледі. Ал қылмыскерлерді анықтау уақыт еншісінде", - деді Альбина Махамбетова.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.