03.06.2024, 20:31 33006

Денсаулық сақтау саласында жүйелі жемқорлық тәуекелдері анықталды

Денсаулық сақтау саласында жүйелі жемқорлық тәуекелдері анықталды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінен. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың маңызды алдын алу құралы болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет медицина және фармация салаларында жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Соңғы үш жылда мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесіне жұмсаған шығыстары 1,5 есеге ұлғайып, 5,8 трлн теңгені құрады (2021 жылы - 1,6 трлн теңге, 2022 жылы - 1,7 трлн теңге, 2023 жылы - 2,5 трлн теңге). 2027 жылға қарай ЖІӨ-нің жалпы көлеміндегі медицинаға жұмсалатын шығыстардың үлесін 5% - ға дейін жеткізу жоспарлануда (2023 жылы - 3,8 %). Сонымен қатар, жемқорлық көріністері мен көптеген қаржылық бұзушылықтар осы саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік шаралардың тиімділігін төмендетеді. Сыртқы талдау нәтижелері бойынша дәрілік заттар мен медициналық жабдықтар айналымының барлық кезеңдерінде, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу, оларды сатып алу көлемін жоспарлау процесінен бастап, медициналық техникаға сервистік қызмет көрсетуге және отандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар (оффтейк-келісімшарттар) жасасуға дейінгі жемқорлық тәуекелдері анықталды. Дәрілік заттардың қажеттілігін, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің құнын арттыру, түрлі ауруларға қарсы вакциналарды уақтылы сатып алмау, талап етілмеген жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ негізсіз төлемдерді есептеу фактілері анықталды. Талдау көрсеткендей, жоғарыда аталған фактілердің себептеріне сатып алуды жоспарлау тетіктерін автоматтандырудың жеткіліксіздігі, ақпараттық жүйелер мен дерекқорлардың жетілмегендігі, жеткізушілер арасында бәсекелестіктің болмауы, лауазымды тұлғалардың қалауы бойынша өкілеттіктері, ведомстволық бақылаудың жеткіліксіздігі және т. б. жатады. Талдау қорытындысы бойынша ағымдағы жылғы 17 сәуірде Агенттік Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп анықталған жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі жол картасын бекітті. Іс-шараларды іске асыру барысы бақылауда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны