02.05.2023, 10:42 25931

Қазақстанда суға арналған жаңа тарифтік саясат әзірленеді

Қазақстанда суға арналған жаңа тарифтік саясат әзірленеді
Сурет: Depositphotos
Суды үнемді тұтыну мәселесін шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет

Астана. 2 мамыр. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрлігіне Индустрия және Экология министрліктерімен бірлесіп бір ай мерзімде суға жаңа тарифтік саясатты енгізу жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Премьер-Министр Үкіметке 2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылғанын еске салды. Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтаудың қолжетімділік деңгейі: қалаларда - 98,8%-ға, ауылдарда - 96,3%-ға жетуі тиіс. Осы орайда еліміздегі су ресурстарының тапшылығы мәселесін шешу маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке орай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет", - деді Әлихан Смайылов.


Ол жаңа Су кодексі мен бағдарламалық құжаттарды дайындау кезінде ескеру қажет екенін айтты.

Бұдан басқа, әлі шешімін таппаған бірқатар жүйелі проблемалар бар. Мәселен, кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары созылып кетті. Ақмола облысында бұл жұмыс 10 жылдан бері бітпей келеді. Сонымен қатар іздестіру-барлау жұмыстары да уақытында басталған жоқ. Қарағанды облысында конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр.

Сақалды" құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде де шикілік көп. Мұның айқын мысалы ретінде Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын, Қызылорда облысындағы Талап су құбырын, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-ші кезеңін айтуға болады. Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр", - деп атап көрсетті Премьер-Министр.


Оның айтуынша, сумен жабдықтау жүйесінде техникалық ақаулардың орын алуына негізінен инфрақұрылымның тозуы мен күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі себеп болып отыр.

Мәселен, сәуір айында магистральдық құбырдың жарылуынан Балқаш қаласы бірнеше күн бойы түгелдей ауыз сусыз қалды. Абай облысындағы Андроновка ауылында су мұнарасы құлап, жергілікті тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болды. Семейде су арнасындағы авария 70-тен астам үйді сусыз қалдырды. Сондай-ақ магистральдық құбырдағы авариядан Ақмола облысының 11 елді мекеніне су берілмей қалды. Бұл - тек бір айдың ішінде орын алған жайттар", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.


Үкімет басшысы мұндай проблемалардың барлығын кешенді түрде шешу керектігін және биылғы жылдың қорытындысы бойынша қалалар мен ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етулері қажет екендігін атап өтті.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов еліміздегі сумен жабдықтау инфрақұрылымына мониторинг жүргізіп, бір ай мерзімде Үкіметке апат қаупі аса жоғары объектілердің тізбесін енгізуді, осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары созылып кеткен барлық ауыз су жобаларының аяқталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ бір ай мерзімде суға жаңа тарифтік саясатты енгізу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Бұл ретте, түскен қаражатты инфрақұрылымды жаңғыртуға, оның ішінде суды пайдаланудың цифрлық технологияларын енгізуге бағыттаудың маңызы ерекше", - деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.


Коммуналдық қызмет тарифтері қаншаға көтерілетінін Ұлттық экономика министрлігі айтты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны