12.02.2025, 15:16 566
Тоқаев пен Шойгу Қазақстан мен Ресейдің қауіпсіздік саласындағы өзара іс қимылын талқылады
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Сергей Шойгуды қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Кездесуде Қазақстан мен Ресейдің түрлі бағыттағы екіжақты серіктестігі және өңірлік қауіпсіздік бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сіздің сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан аса маңызды деп санаймын. Қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Бұл ретте Ресей Федерациясы Президентінің былтыр қараша айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары айрықша мәнге ие. Елдеріміздің экономикалық байланыстары табысты ілгерілеп келе жатыр. 171 жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Оның ішінде 50-ден астам жоба жүзеге асырудың соңғы кезеңіне жетті. Бүгінде Ресей Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының біріне айналды. Мемлекеттеріміздің құқық қорғау органдары, әскери ведомстволарының арасындағы байланыс та ойдағыдай өркендейді деп санаймын. Менің ойымша, Сіздің сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымызға шолу жасап, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары бойынша келісімге келуге оңтайлы мүмкіндік береді", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге сәлем жолдады.
Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы кездесуге және өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
Бауырлас халықтарымыздың, елдеріміздің арасында қалыптасқан қарым-қатынасқа үнемі жоғары деңгейде қолдау көрсетіледі. Тауар айналымы мен бірлескен жобалардың ауқымы қомақты. Әрине, біздің байланыстарымыз тек екіжақты қарым-қатынаспен шектелмейді. Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ҰҚШҰ, ТМД және ЕАЭО аясында белсенді жұмыс атқарып келеміз. Қазақстанның бастамасымен қолға алынған жобалар табысты әрі белсенді іске асырылып жатыр", - деді Сергей Шойгу.
Кездесуде екі елдің қауіпсіздік саласындағы ықпалдастығының тиімділігін арттыру мәселесі қарастырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
12.02.2025, 15:14 781
Тәжікстан СІМ басшысы Қазақстанға ресми сапармен келді
Достарға айту
Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин Қазақстанға ресми сапармен келді, деп хабарлайды ҚР СІІ баспасөз қызметінен.
Сапар аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізу жоспарлануда. Тараптар екіжақты қазақ-тәжік ынтымақтастығының кең ауқымды өзекті мәселелерін талқылайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
06.02.2025, 17:29 7516
Грузия Қазақстанның Кавказ аймағындағы сенімді серіктесі - Тоқаев
Достарға айту
Мемлекет басшысы Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ираклий Кобахидзеге ілтипат білдіріп, оны Грузия Премьер-министрі лауазымына қайта тағайындалуымен құттықтады және грузин халқының өркендеуі жолындағы жауапты қызметіне сәттілік тіледі.
Президент соңғы жылдары Грузияның қарышты дамып, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде экономикалық өсімнің 9,4 пайызды құрағанын атап өтті.
Мемлекет басшысы қазақ-грузин қарым-қатынастарының қарқынын жоғары бағалады. Президенттің айтуынша, Грузия Қазақстанның Кавказ аймағындағы сенімді серіктесі және екі елді өзара достық пен тығыз тарихи тамырластық байланыстырады.
Қазақстан мен Грузия түрлі деңгейде, атап айтқанда, парламенттер, үкіметтік және мемлекеттік органдар арасында тиімді ынтымақтастық орнатқан", - деді Мемлекет басшысы.
Грузия Премьер-министрі қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, қызметке кіріскеннен кейінгі алғашқы шетелдік сапарларының бірін Қазақстанға арнағанын жеткізді.
Ираклий Кобахидзенің айтуынша, Грузия Қазақстанмен көпжоспарлы ықпалдастықты нығайтуға баса мән береді.
Біз үшін саяси және экономикалық ынтымақтастықты арттыру аса маңызды. Түрлі форматта, оның ішінде көпжақты алаңдарда Қазақстанның мүддесін белсенді қорғауға дайынбыз", - деді ол.
Премьер-министр Қазақстан Президентін Грузияға сапармен келуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша өтетін жүк тасымалы көлемін арттыруға және транзит дәлізінің инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударды.
Кездесуде сауда, энергетика, инвестиция, туризм, жасанды интеллект және цифрландыру секілді көптеген бағыттағы екіжақты байланыстарды кеңейту перспективасы қарастырылды. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібі мен өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.01.2025, 15:59 13906
Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Мәскеудегі Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға шақыруын қабылдады
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы "Ақорда" резиденциясында Еуразиялық үкіметаралық кеңеске және Digital Almaty 2025 цифрлық форумына қатысу үшін Қазақстанға келген Ресейдің Премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесу өткізді.
Кездесуде екі елдің стратегиялық серіктестігін дамыту перспективасы талқыланып, сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қарым-қатынасты жандандыруға баса назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен тату көршілікті нығайтуға Михаил Мишустиннің қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің былтыр 27 қарашада Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың өзекті екенін атап өтті.
Елдеріміздің арасындағы байланыс беки түсті. Бұл мемлекетаралық ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды. Сіздің Астанаға жасаған сапарыңызды жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңызды кезеңі ретінде қарастырамыз. Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған сапары барысында Уфада өңіраралық форум табысты өтті. Биыл біз кезекті форумды Қазақстан аумағында, яғни Орал қаласында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ынтымақтастықтың осы форматы нәтижелі болады деп ойлаймын", - деді Президент.
Михаил Мишустин мемлекеттер басшылары алға қойған міндеттерді нақты іске асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Орайлы сәтті пайдалана отырып, Ресей Президенті Владимир Путиннің ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Владимир Владимирович былтыр қараша айында Қазақстанға тарихи мемлекеттік сапар жасады деуге болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз де желтоқсан айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласына келдіңіз. Біз үшін өңіраралық форумның берері мол. Ресейдің аймақтары Қазақстанның көптеген облысымен тікелей байланыс орнатқан. Өзіңіз атап өткендей, бұл форматтың маңызы зор, оның тиімділігін арттыруға барынша қолдау көрсетеміз. Қазақстан - Ресей Федерациясының көршісі әрі одақтасы. Біздің қарым-қатынасымыз достық пен өзара құрметке негізделген", - деді Ресей Үкіметінің төрағасы.
Михаил Мишустин Қасым-Жомарт Тоқаевқа екі елдің үкіметтік делегациялары арасында жүргізілген келіссөздердің нәтижесі туралы ақпарат беріп, күн тәртібінің барлық спектрі бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға қызмет ететініне тоқталды.
Кездесуде энергетика, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға баса назар аударылды. Сонымен қатар ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Мәскеудегі Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға шақыруын қабыл алғанын айтты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
23.01.2025, 18:45 23286
Қазақстан СІМ басшысы Қытайдың жаңа Елшісін қабылдады
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытайдың Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Хань Чуньлиньді қабылдады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сұхбат барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылап, оны одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.
Бұған қоса, ағымдағы жылы жоспарланған биік және жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесіне, сондай-ақ көпжақты құрылымдар шеңберіндегі екі елдің өзара ықпалдасуына ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында Министр М.Нұртілеу Қытай Елшісіне Қазақстандағы қызметіне табыс тіледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.01.2025, 16:12 24911
Қазақстан Түркіменстанның Бейбітшілік және сенім жылы аясындағы бастамаларына қолдау көрсетеді
Достарға айту
Мемлекет басшысы Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Президент бауырлас халықтың Ұлт көшбасшысын Түрікменстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы қазіргідей жаһандық сын-қатерлер кезеңінде Ашхабадтың бейбітшілік пен бітімгерлікке үндеген бастамасының ерекше маңызын атап өтіп, оны табысты жүзеге асыру үшін Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Гурбангулы Бердімұхамедов Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының аясында өңірлік және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық пен дамуды қамтамасыз етуге бағытталған Түрікменстан тұжырымдамасының негізгі басымдықтары жөнінде мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов қазақ-түрікмен қатынастарының деңгейі жоғары екеніне назар аударып, энергетика, көлік-транзит, мәдени-гуманитарлық салалардағы бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысын егжей-тегжейлі қарастырды.
Әңгімелесу барысында өңірлік ықпалдастық мәселелеріне және алдағы уақытқа жоспарланған бесжақты форматтағы іс-шараларға айрықша мән берілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.01.2025, 14:24 37761
Тоқаев Италия премьерін Қазақстанға келуге шақырды
Достарға айту
Қазақстан Президенті Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы "Абу Дабидің орнықты даму апталығы" алаңында Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Джорджа Мелониді туған күнімен құттықтап, достас Италия халқының игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Президент былтыр Римге жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алып, соның нәтижесінде Қазақстан-Италия қатынастарының жаңа кезеңіне жол ашылғанын атап өтті.
Мемлекетаралық ынтымақтастықты жоғары деңгейде сақтау үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Джорджа Мелониді Астанаға ресми сапармен келуге шақырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.01.2025, 14:13 37961
Президент Abu Dhabi Ports Group бас директоры Мұхаммед Әл-Шамисимен кездесті
Достарға айту
Президент Abu Dhabi Ports Group бас директоры Мұхаммед Әл-Шамисимен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың перспективасы талқыланды, сондай-ақ көлік-логистика саласында бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесі қарастырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Abu Dhabi Ports компаниясының бірқатар ірі нысан құрылысына қатысты жоспарына қолдау көрсетіп, бұл бастамалар Қазақстанның Каспий теңізіндегі айлақ және теңіз инфрақұрылымын дамыту жөніндегі стратегиялық мүддесіне сай келетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымы мен тасымал дәліздерін дамыту еліміздің орнықты экономикалық өсімін қамтамасыз етуде және халықаралық сауданы жандандыруда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Мұхаммед Әл-Шамиси бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында ұдайы қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Президентке "Самұрық-Қазына" қорымен және "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясымен тиімді серіктестік орнатқаны туралы мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед Әл-Шамиси бірлескен жобалардың табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
10.01.2025, 17:44 42796
Мемлекет басшысы Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевты қабылдады
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент Қырғызстан Сыртқы істер ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, берік достық пен тату көршілік байланыстарға арқа сүйеген қазақ-қырғыз қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық сипатында қарқынды әрі дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды іске асырудың маңыздылығына назар аударды. Оның пікірінше, бұл келісімдер стратегиялық сипатқа ие әрі мемлекетаралық ықпалдастықты айтарлықтай нығайтады.
Жээнбек Кулубаев Мемлекет басшысына екі елдің сыртқы істер ведомствосы басшыларының арасында өткен келіссөздердің нәтижесі мен екіжақты ынтымақтастықты тереңдету бойынша бірлесе атқаратын жұмыстың негізгі бағыттары жөнінде мәлімет берді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты арттыруға, көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға, өзара инвестициялар және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі жандандыруға айрықша мән берілді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
12.02.2025, 10:26Алматыда Тұйық Су шатқалында визит-орталық ашылады 12.02.2025, 14:36 47812024 жылы 19 мыңнан астам адам "Күміс жас" жобасы бойынша жұмысқа орналасты12.02.2025, 14:41 4406Қазақстандағы мемлекеттік еңбек инспекторлары жалақы бойынша 318 млн теңгеден астам соманы құрайтын берешекті анықтады12.02.2025, 14:56 4036Алматыда 2040 жылға дейін жылумен жабдықтауды дамыту жоспары әзірленді12.02.2025, 10:14 2421Абай облысының тұрғыны терроризмді насихаттады деген күдікке ілінді
06.02.2025, 17:46 114946Түркістан облысында "Ауыл аманаты" және "Ауыл - Ел бесігі" жобаларын біріктіру мәселесі талқыланды06.02.2025, 17:43 113861Алматы облысының әкімі Балқаш ауданына жұмыс сапарымен барды07.02.2025, 16:37 113331Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында ауқымды іс-шаралар жоспарлануда07.02.2025, 16:26 113226Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды07.02.2025, 16:23 113071Астанада қауіпті жарнамалар жойылып жатыр
24.01.2025, 16:38 134991Қазақстанда генерациялау объектілерін, жылу және электрмен жабдықтау желілерін кешенді жаңғырту жоспарлануда24.01.2025, 16:24 132241Бектенов сыртқы факторлардың ел экономикасына әсері мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді24.01.2025, 16:20 131921Астанада жеке кәсібін ашқан ерекше баласы бар аналарға арналған форум өтті23.01.2025, 19:50 129271Алматыда заңсыз салынған сауда нысандары жаппай бұзылуда30.01.2025, 18:56 121781Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трампқа көңіл айту жеделхатын жолдады