10.02.2025, 09:26 2086

Қаңтар айында ЭЕБ-да білім беру саласының қызметкерлеріне жоғары сұраныс байқалды

Ең көп бос жұмыс орындарды білім беру (36,8 мың), басқа да қызмет түрлері (11,5 мың) және денсаулық сақтау (11,1 мың) кәсіпорындары орналастырды
Қаңтар айында Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі - ЭЕБ) жұмыс берушілер мен ізденушілердің белсенділігі әртүрлі болды: егер бос орындар саны өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 5,2%-ға қысқарып, 98,9 мың бірлікті құраса, ал түйіндемелер саны 2,5 есе, яғни 191,9 мың бірлікке дейін ұлғайды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ең көп бос жұмыс орындарды білім беру (36,8 мың), басқа да қызмет түрлері (11,5 мың) және денсаулық сақтау (11,1 мың) кәсіпорындары орналастырды.

Бұл ретте қаңтар айында жоғары білікті кадрларға сұраныс күрт өсті - жұмыс берушілер желтоқсанға қарағанда 16 мың бос орынға (+70%) көбірек орналастырды. Біліктілігі жоқ жұмысшылардың еңбегіне сұраныс 45,7 мыңнан 18,8 мың бос орынға дейінқысқарып, екі еседен астам төмендеді.

Сонымен қатар ұсыныс тарапынан түйіндеме санының өсуін барлық біліктілік топтары көрсетеді, ал біліктілігі жоқ жұмысшылар желтоқсанға қарағанда 60,4 мың түйіндемені (+338%) көбірек орналастырды.

Желтоқсан айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының оң сальдосы 11 өңірде байқалады. Жұмыскерлерге сұраныстың ең көп өсуі Шымкент қаласында (2,6 мың бос орынға немесе +86%), Ақмола (1,5 мыңға немесе +50%) және Батыс Қазақстан (1,5 мыңға немесе +46%) облыстарында тіркелді. Сұраныстың ең көп төмендеуі Түркістан (11,2 мың бос орынға немесе -63%), Ақтөбе (-2,3 мың, немесе -36%) және Жамбыл (-1,7 мың, немесе -30%) облыстарында болды.

Қаңтар айындағы еңбек нарығындағы ұсыныстардың өсуі нәтижесінде елдің барлық дерлік аймақтарында түйіндеме профициті қалыптасты. Ол Түркістан (6,5 мың бос жұмыс орны және 25 мың түйіндеме), Қызылорда (2,3 мың бос жұмыс орны және 14,3 мың түйіндеме), Жамбыл (4 мың бос жұмыс орны және 10,3 мың түйіндеме) және Маңғыстау (3,4 мың бос жұмыс орны және 12,7 мың түйіндеме) облыстарында ерекше байқалды.

Білікті қызметкерлер арасында тәрбиешілер (2,1 мың бос жұмыс орны), автомобиль жүргізушілері және математика мұғалімдері (1,9 мың бос жұмыс орны) сұранысқа ие болды. Әлеуметтік қызметкер (+1,1 мың бос жұмыс орны) және білім берудегі әлеуметтік педагог (+625 бос жұмыс орны) сияқты мамандықтарға сұраныс артты.

Тапшы мамандар қатарын математика пәнінің мұғалімдері толықтырды, олар жалпы 529 түйіндеме орналастырды, сондай-ақ әлеуметтік педагогтар (173 түйіндеме) мен мектеп психологтары да (262 түйіндемемен 1 мың бос жұмыс орны) тапшы мамандар қатарынан көрінді.

Жұмыс берушілер орташа жалақының ең жоғары мөлшерін ізденушілер арасынан өндіруші өнеркәсіптегі учаске бастығы (741 мың теңгеден бастап), авиациядағы инженер (~693 мың теңге) және бас құрылысшы (~605 мың теңге) лауазымдарына ұсынды, ал жүмыс іздеушілер арасынан ең жоғары жалақыны өндіруші өнеркәсіпте бөлім бастығының орынбасары (орта есеппен 1,1 млн теңге), ұшқыш (~1,1 млн теңге), сондай-ақ материалдық-өндірістік құндылықтарды есепке алу бөлімінің басшысы (~1 млн теңге) лауазымына үміткерлер сұрады.

Осылайша, қаңтар айында ЭЕБ-да бос орындардың азаюы кезінде түйіндемелер санының айтарлықтай өсуі байқалды. Бұл жыл басында жұмыс берушілер жалдау процесін әлі күшейтпегендіктен болуы мүмкін, ал көптеген жұмыс іздеушілер, керісінше, қаңтардан бастап жаңа жұмыс іздей бастайды. Көптеген мамандықтар бойынша түйіндеменің профицитіне қарамастан, кейбір лауазымдарда кадрлар тапшылығы болды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны