10.02.2025, 09:43 18286

Қазақстанда мемлекеттік сатып алудың мерзімі бірнеше есе қысқартылды

Конкурс тәсілімен өткізілетін сатып алу бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қабылдау - 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытындылау - 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды
Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа жеңілдетілген ережелер бойынша мемлекеттік сатып алу туралы алғашқы шарттар жасалды. Оларды қабылдау жобаларды, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды жедел іске қосуға және олардың бағасының көтерілу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Жеңімпаздар негізінен жергілікті компаниялар болады, бұл аймақтардың бизнесі мен экономикасына қолдау болып саналады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінен.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 1 шілдеде рәсімдерді оңайлатуға және бюрократиядан арылтуға бағытталған "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа Заңға қол қойды. Заң шеңберінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мерзімін барынша қысқартуды қамтитын жаңа Ережелер қабылданды.

Мәселен, конкурс тәсілімен өткізілетін сатып алу бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қабылдау - 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытындылау - 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осылайша, конкурстар мен аукциондар бойынша жеңімпаз ең көп дегенде 10 жұмыс күні ішінде анықталады.

Рейтингтік-балдық жүйені қолдану арқылы өткізілетін конкурс (автоматтандырылған сатып алу тәсілі, жеңімпазды веб-портал айқындайды) арқылы сатып алу жеңімпаздары жиналған ұпайлар негізінде 5 жұмыс күні ішінде (бұрын мерзімі 29 жұмыс күнін құраған) айқындалады. Олар жұмыс тәжірибесі, тұрақты салық аударымдарының болуы, кешіктірулердің болмауы және басқалары үшін беріледі.

Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу мерзімі 5 күннен 2 күнге дейін қысқартылды.

Сондай-ақ жергілікті жеткізушілер үшін шартты жеңілдіктер 1%-дан 2%-ға дейін ұлғайтылды.

Ақмола облысы Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы бойынша байқау елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа ережелер бойынша өткізілді. Биылғы 8 қаңтарда жарияланып, қорытындысы 6 жұмыс күні ішінде шығарылды және 16 қаңтарда құрылыс салушы жұмысқа кірісті.

Жобаның құны 2 млрд теңгеден асады. Мердігер рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып, жаңа мемлекеттік сатып алулар бойынша таңдалды, бұл конкурс мерзімін айтарлықтай қысқартты. Бұл бізге құрылысты 16 қаңтарда бастап кетуге мүмкіндік берді. Жоба жыл соңына дейін аяқталады және нысан пайдалануға беріледі. Сондай-ақ біз жүйеде қосымша балл алатын жергілікті құрылыс салушыларға назар аударамыз, бұл олардың қатысуын ынталандырады", - деді Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев.


Спорт мектебінің ғимараты өтпе жол арқылы бір-бірімен байланысқан екі блоктан тұрады. Мұнда тренажер залы, хоккей корты және басқа да жаттығу алаңдары жұмыс істейтін болады. Құрылыс материалдарының 90%-ын жергілікті өндірістен алу жоспарлануда. Ауылдық спорт мектебінің жалпы қабылдау мүмкіндігі - ауысымда 78 адам.

Жаңа ережелер бойынша 330 адам тұратын Батыс Қазақстан облысының Жалын ауылында су құбырын салу бойынша конкурс өткізілді. Жеңілдетілген жүйенің арқасында сатып алу процедурасы алты күнде жүргізілді, бұл жергілікті құрылыс салушыға жұмысқа тез кірісуге мүмкіндік берді. Жобаның құны - 785 млн теңгеден астам. Су құбырының құрылысы ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Түркістан облысы Сарыағаш қаласында жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы басталды. Жобаның құны - 2,7 млрд теңгеден астам. Мердігер 8 жұмыс күні ішінде рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып таңдалған жергілікті компаниялардың бірі болды.

Шымкент қаласының Бозарық шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлер салу жобасы бойынша сатып алу рәсімі 7 жұмыс күні ішінде жүргізілді. Жобаның құны - 4,9 млрд теңгеден астам.

Ұлытау облысының Мыңадыр стансасында мектеп салу бойынша сатып алу рәсімі 5 жұмыс күні ішінде жүргізілді, мердігер жергілікті компания болды. Жаңа мектеп салу оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешеді. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған мектеп толып кеткен, спорт залы да жоқ. 80 орынға есептелген жаңа екі қабатты мектептің кабинеттері сапалы білім беру үдерісін қамтамасыз ету үшін заманауи жабдықтармен жабдықталатын болады.

Жаңа ережелерге сәйкес, осы жылдың 10 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстанда 951,38 млрд теңге сомасына 282 703 шарт жасалды. Салыстыру үшін: өткен жылдың тиісті кезеңінде 223,2 млрд теңгеге 165 558 шарт жасалған.

Берілген шағымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 22%-дан астамға: 1700-ден 1320-ға дейін төмендеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны