02.08.2022, 16:29 9856

Алматыдағы "Qadam" ТК бұзу туралы шешім: құрылыс салушыға мектеп салу тапсырылған болатын

"Қадам" тұрғын үй кешеніне тексеріс жүргізген қалалық құрылыс басқармасы бірқатар заңсыздықты тауып, сотқа шағым түсірген.
Алматыдағы "Qadam" ТК бұзу туралы шешім: құрылыс салушыға мектеп салу тапсырылған болатын
Сурет: Алматы әкімдігі
АЛМАТЫ. 2 ТАМЫЗ - Алматыдағы бүтін бір тұрғын үй кешені сүрілуі мүмкін. 60-қа жуық үлескер ақшасын құйып, енді қоныстануға аз қалғанда нысанның заңсыз салынғаны анықталыпты. "Қадам" тұрғын үй кешеніне тексеріс жүргізген қалалық құрылыс басқармасы бірқатар заңсыздықты тауып, сотқа шағым түсірген.
 
Осылайша кешен сүрілетін болып шешіліпті. Алайда құрылыс компаниясы да, үлескерлер де соттың шешімімен келіспей шу шығарды. 

 
Іргетасы былтыр қаланған қадам тұрғын үй кешенінің құрылысына миллиардтан астам теңге кеткен. Оның 70 пайызы 150 үлескердің қалтасынан шыққан қаражат. Сол үлескерлердің бірі - Ақерке Рақымжанова. Көпбалалы ана бірінші қабаттан төрт бөлмелі пәтерді алуға 40 миллион теңгенің жартысын төлеп қойған. "Үй сүріледі" деген жайсыз хабарды естіген кезде төбесінен ұрғандай болған. 
 

Осының кесірінен 150 отбасы, оның ішінде мүгедек балалар, мүгедек адамдар, көпбалалы аналар, егде адамдар бар, барлығы үйсіз қалайын деп отыр. 150 отбасы шығынға ұшырайды. Талабымыз – үйімізді толық салуға рұқсат берсін. Үйіміздің кілтін берсін!" - деді үлескер Ақерке Рахымжанова.

 
Мұнда жалпы үш қабатты 5 үй салынбақ болған. Қазір сол 3 үйдің 70 пайызы бітіп тұр. Енді сол үйлердің 60-қа жуық үлескері мәселенің анық-қанығын білу үшін құрылыс компаниясы отыратын кеңсенің алдына жиналып шу шығарды. 
 

80-90 пайызы салынып біткенде, "үй сүріледі" дегенге бәріміз қарсымыз. 100-50 пайыз ақшасын құйып қойғаны бар. Ипотекаға үйді тіркеп, банктан растау алып қойған кісілер де бар. Енді қандай болмақ? Біздің жағдайымыз не болады?! Үйдің сүрілуіне қарсымыз. Біз үйдің салынып бітіп, кілттің берілуін талап етеміз. Әкімдік қайда қарады?! Қазаншұңқыр қазылып бастағанда неге тексермеді? Енді салынып біткенде сүрілу дегенге келіспейміз!" - деді үлескер Әмина Ибрагимова.

 
Шулаған жұрттың алдына құрылыс компанияның директоры да келе қалды. Құрылысты ерте бастап асығыстық танытқанын мойындаған ол құжаттардың барлығы "түгел" дейді. Тек сәулет-жоспарлау тапсырмасы ғана жоқ екен. 
 

Бір жерде дұрыс емес салып қойған, сүре бер. Қисық, сапасы нашар болса, сүре берсін. Бізде ол жақтан бәрі дұрыс. Тек құжаттардың тәртібін дұрыс жасамағанбыз. АПЗ жоқ, ол ең маңызды құжат. Біз АПЗ жазамыз. Архитектура бермейді. "Неге бермейсіңдер?" десек, ГАСК берме деп айтты, сүріледі деп айтты. Бізге ГАСК-тың өзі айтты ғой, құжаттарды жаса деп. Неге жасатпайсыңдар. "Палка о двух концах" болып тұр мына жерде", - дейді құрылыс компаниясының директоры Нұртас Маджанов.

 
Ашуға булыққан бұқара түйткілдің түйінін тарқату үшін қалалық әкімдікке қарай бет алды. Алайда шенділер жауаптан жалтарып, құрылыс басқармасына ғана сілтеумен болды. Араға бір сағатта жауапты атқамінерлер де келді. Олар соттың шешімімен заңсыз деп танылған бұл нысанда осыған дейін тексеріс жүргізіліп, құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтады. 
 

Тексеру кезінде сәулет жоспарлау тапсырмасы алынып, бірақ эскиздік жоба келісілмей және де жоба бойынша қорытынды алынбай құрылыс жүргізгені аныцқталды. Осыған сәйкес басқармамен әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынып, одан әрі ұсыныс берілген болатын, заң бұзушылықты жою жөнінде. Алайда құрылыс салушы компаниямен ол ұсыныс орындалмады. Сол себепті басқармамен сотқа арызталап жолданды", - деді Әуезов және Наурызбай аудандары бойынша қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Медет Рабаев.

 
Сот құрылыс нысанын сүру жөнінде шешім шығарған. Алайда әзірге бұл шешім әлі заңды күшіне енбеді. Енді қалайда үйлерін сақтап қалуға бекінген үлескерлер мен құрылыс компаниясы апелляциялық шағым түсіреміз деп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, сот Алматының Наурызбай ауданындағы "Qadam" тұрғын үй кешенін бұзу туралы оң шешім шығарды.
 
Ақпарат көзі: ktk.kz 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны