21.10.2021, 20:54 65094

Қазақстандағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін балалар орталықтарында қандай бұзушылықтар анықталды

НҰР-СҰЛТАН. 21 ҚАЗАН - Ұлттық алдын алу тетігі үйлестіру кеңесінің мүшесі Лаура Ақатаева балаларды оңалту орталықтарында қандай заңбұзушылықтар жиі тіркелетінін мәлімдеді.
 
Мониторгтік тексерулер нәтижесінде, 2019 жылы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған балалар орталықтарының 50 пайызы балалардың қажеттіліктеріне сәйкес келмейтіндігі анықталған. Атап айтқанда, олардың заңды құқықтары бұзылып, медициналық қызметтің сапасы сын көтермейді. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 30 пайызды құрады.
 

Осындай орталықтарда балалардың әлеуметтік, білім беру және педагогикалық қызметтермен толық қамтылмауы, таза ауызсуға тегін қол жеткізе алмауы, оларды тасымалдауға арналған арбалардың болмауы жиі кездеседі. Сондай-ақ медициналық құжаттардың дұрыс жүргізілмей, қажетті дәрі-дәрмектердің болмауы, дәрілердің жарамдылық мерзімінің асуы сынды фактілер де тіркелген", - деді Лаура Ақатаева.

 
Оның айтуынша, маман тапшылығы мәселесі де өте өзекті. Мәселен, Алматы облысы Талғар ауданындағы "Аяла" арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында паллиативті және дағдарыс тобындағы 41 бала психолог, дефектолог, логопед мамандардың қызметтерімен қамтылмаған. Бұл орталықтағы жалпы бала санының тең жартысы.
 
Бұдан бөлек, емделушілерге психотроптық препараттарды шамадан тыс тағайындайтындар анықталды. Аталмыш мекемеде 1 ай ем қабылдаған бала хлорпромазиннің 25 мг дозадасындағы 186 таблеткасын ішкен.
 

Тексерулер барысында кейбір орталық қызметкерлерінің балаларға күш қолданып, психологиялық қысым көрсеткендігі белгілі болды. Олардың қатарында күтушілер, әдіскерлер, дәрігерлер және тіпті директорлар да бар. Балалар өз сөздерінде орталық мамандарының түнде ішімдік ішетіндігін де айтты. Расымен де мониторинг кезінде бір орталықтағы шкафтардың бірінен бос алкоголь бөтелкелері табылған болатын", - деді Л. Ақатаева. 

 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны