13.10.2022, 15:37 17221

Көк базар саудагерлері жалдау құнының айтарлықтай өсуіне алаңдаулы

Алматыдағы көк базарда жалға алу құнын екі есеге өсірмекші.
Көк базар саудагерлері жалдау құнының айтарлықтай өсуіне алаңдаулы
Алматы. 13 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Алматыдағы көк базарда жалға алу құнын екі есеге өсірмекші.
 
 "Басшылық әбден басынды". Алматыдағы көк базар сатушылары бүгін осылай шу шығарды. Айтуларынша, базар әкімшілігі жалға алу құнын алдағы айдан бастап екі есеге өсірмек. Саудагерлер бұған келісіп отырған жоқ. Барлығының талабы – бұрынғы бағаны қалдыру. Алайда оларды тыңдар құлақ табылмады.
 

Бір жыл бұрын келдім мен осында, сонда біздің қатарда ешкім жоқ болатын. Қарамақарсы отырған әйел екеуміз ғана отырдық. Тоғыз шаршы метрге 7 мың төледім, енді кешелі бері 14 мыңға көтерді", - деді саудагер.

 
Аядай жерге айына 63 мың теңге төлеген Сәуле Пірматова енді жалға алу бағасын екі есеге көтергенін естіп ұнжырғасы түсті. Қазақы төсеніш, бұйымдар мен киімі тез өтпесе де, бұйыртқанына шүкіршілік етіп келген. Енді не істерін білмей әлек. Сәуле секілді бағаны негізсіз көтерген басшылыққа базынасын айту үшін басқа саудагерлер де жиналды.
 

1994 жылдан бері осы жерде сауда істейміз. Бірінші рет осындай болып жатыр. Жеті мыңды да көтере алмаймыз. 78400 жалға төлейміз, салы, медсақтандыру төлейміз. Әлеуметтік салық төлейміз, сонымен бәрі 100 мың теңгеден асып кетеді. Ал қазір менің жалға алғаным 180 мың болады, оны қалай шығарып беремін?", - дейді саудагер Тамара Қалибаева.

 
Көк базардың өзі екі бөліктен тұрады. Бергі жағында – жеміс-жидек, көкөніс. Арғы жағындағы жаңа павильонға киім-кешек саудалайтындар шоғырланған. Бүгін жараның бетін тайсалмай ашқан – екіншілері.
 
Әдетте абыр-сабыр болып жататын базар ішінде өлі тыныштық. Мұнда келіп жатқан, заттарды көріп жатқан адам жоқтың қасы. Енді жалға алу құнын екі есеге қымбаттатса, онда пайда емес, қып-қызыл шығынға батамыз дейді сатушылар.
 

Жаңа павильон дейді, бірақ ол жерде жарнама жолға қойылмаған, бутиктер тезтез ауысады. Өйткені адамның кіруі қамтамасыз етілмеген, ресепшн қойылмаған. Енді бағасын көтерсе, көп адамның қалтасына салмақ салады. Несие алған адамдар бар, олар аяқ астынан қазір қайда кетерін білмейді", - деді саудагер Сұлу.

 
Мәселенің мән-жайын түсіндірер деген базар әкімшілігі басында сырттай бақылаумен тұрған. Тіпті кейбіріне жақындап әңгімеге тартты. Тек камераны көре сала, "басқасы сөйлейді" деп, жауапкершіліктен ат-тонын ала қашты.
 

Сіз кім боласыз, әкімшіліктен бе?"

 

Иә, әкімшіліктен, бірақ бізде жалға алуға жауап беретін аға әкімші бар, сол кісі жауап береді".

 
Сол кеткеннен, базар әкімшілігі молынан кетті. Екінші қабаттағы кеңсесіне көтерілгенде есікті іштен тарс жауып алған.
 
Есік қаққанды естімегендер терезеден тарағанша сығалап тұрды. Ал шағымына жауап алмаған саудагерлер мұндай бассыздыққа жол бермеу үшін атақты көк базарды баяғыдай мемлекет өз балансына алсын дейді.
 

Мына жекеменшік иелерінен жалықтық, бәрін мемлекет өз қолына алсын. Біз бағаның көтерілуіне қарсымыз!"

 
Ақпарат көзі: ktk.kz 
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны