Қазақстандық теннисші Рыбакина қатарынан 12-ші жеңіске жетіп, Miami Open турнирінің жартылай финалына шықты
Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула немесе рейтингте 26-сатыдағы ресейлік Анастасия Потапованың біреуімен кездеседі
Сурет: ktf.kz
Астана. 29 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина спорттық жолында алғаш рет Майами WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 24-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизанмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Е.Рыбакина қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік бермей, өзі сондай сәтті құр жібермеді - 3:1. Дегенмен М.Тревизан да қарап қалмай, брейкпен есепті қысқартқанымен, Елена сол бойда қарымта қайырды - 5:3. Содан кейін сетке доп бергенде, қателескен жоқ - 6:3. Қазақстандық теннисші екінші сетті брейкпен бастап, бет қаратпады - 6:0.
Осылайша, қазақстандық спортшы биыл қатарынан 12-інші жеңісіне қол жеткізді.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула немесе рейтингте 26-сатыдағы ресейлік Анастасия Потапованың біреуімен кездеседі.
Еске салайық, Қазақстанның бірінші ракеткасы осыдан бір жарым апта бұрын Индиан-Уэллстегі турнирде чемпион атанған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.