10.02.2025, 09:50 3656

Харбиндегі кездесуде Қазақстанда биатлонды дамыту мәселелері талқыланды

Харбиндегі кездесуде Қазақстанда биатлонды дамыту мәселелері талқыланды
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев және Қазақстан биатлоншылар одағының бас хатшысы Манас Усенов Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) президенті Олли Даллинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметінен.

Ресми іс-шара Харбиндегі Қысқы Азия ойындары аясында өтті. Кездесу барысында негізгі талқыланған мәселелер - спорттық ғылым саласындағы ынтымақтастықтың болашағы, бапкерлерге арналған білім беру бағдарламаларын кеңейту және Қазақстанда IBU аясында Әлем кубогы кезеңдерін өткізу мүмкіндігі.

Олли Даллиннің айтуынша, IBU әртүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастыққа ашық. Оның ішінде, скандинавиялық елдер мен басқа мемлекеттер арасындағы дайындық деңгейіндегі алшақтықты азайту, сондай-ақ әлемде биатлонды дамыту үшін тең мүмкіндіктер жасау бар. Ол Қазақстан тарапына Азия биатлон конфедерациясын құрып, өңірлік жарыстар өткізгені үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанда биатлонды дамыту үшін IBU-дың қолдауы аса маңызды екенін атап өтті. Әсіресе, спорт әдістемесі, ғылыми және практикалық білімдер бойынша тәжірибе алмасу бағытында. Айта кетейік, Қазақстанда IBU академиясы жұмыс істейді, онда бапкерлер мен мамандарға арналған курстар ұйымдастырылған.

Сонымен қатар Қазақстан биатлонды кеңінен насихаттау мақсатында әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге қызығушылық танытып отыр. Бұл додалар елдегі инфрақұрылымы дамыған өңірлерде IBU аясында ұйымдастырылуы мүмкін.

Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин спортты жан-жақты дамытуда халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.

Біз Қазақстан биатлоншылар одағы мен IBU арасында бірлескен ауқымды жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз. Бұл жұмыстар өз нәтижесін бере бастады. Өз тарапымыздан, қазақстандық спортты сапалы дамыту мақсатында әртүрлі салалардағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге, қолдау көрсетуге дайынбыз", - деп түйіндеді Геннадий Головкин.


Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны