29.12.2022, 12:07 32416

Президент адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына Артур Ластаевтың кандидатурасын ұсынды

Бұған дейін ол ҚР Бас прокуратурасының халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы қызметін атқарған
Президент адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына Артур Ластаевтың кандидатурасын ұсынды
Сурет: akorda.kz
Астана. 29 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Парламент Сенатының отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне Артур Ластаевты ұсынды, деп хабарлайды Ақорда.

Сенат депутаттары Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.

Артур Ермекұлы Ластаев 1983 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін "халықаралық құқық" мамандығы бойынша бітірген. Аға әділет кеңесшісі.

Қызметін 2006 жылы Алматы қаласы прокуратурасының Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған.

Бас прокуратурада бес жылдан астам жұмыс істеген, Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінің бөлімін басқарған.

2016 жылғы қаңтардан бастап Бас прокуратураның өкілі - БҰҰ және Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдар бөлімшесі жанындағы Қазақстан Республикасы тұрақты өкілдігінің кеңесшісі болған.

2018 жылдың шілдесінен бастап Еуропадағы Бас прокуратураның өкілі - Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің кеңесшісі болып қызмет атқарған.

Мемлекет басшысы алдымызда тұрған негізгі мақсат еліміздегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын болашаққа қарай қарқынды дамуына жол ашып беру екенін атап өтіп, келесі жылы барлық саладағы реформалар жалғасын табатынын жеткізді.

Биыл еліміз зор қатерге тап болды. Дегенмен біз қиындықтың бәрін еңсердік. Барлық салада жүйелі реформаларды қолға алдық. Үш жарым жыл бұрын басталған саяси өзгерістер биыл тың қарқынмен жалғасты. Реформаның ауқымы кеңейді. Біз үшін бұл өзгерістерді жалпыұлттық диалог арқылы жүзеге асыру өте маңызды. Осы мәселеге байланысты Парламенттің рөлі әлдеқайда жоғары болмақ. Сондықтан келе жатқан Парламенттік сайлауға мен өзім Мемлекет басшысы ретінде айрықша мән беріп отырмын. Бұл сайлау еліміздің заңына сәйкес әділ және ашық өтуге тиіс", - деді Президент.


Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттырып жатқанымызды және Конституциялық реформалар арқылы көптеген өзгеріс жасағанымызды атап өтті.

Күшті Парламенті бар Президенттік республика жүйесіне көштік. Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдарды иеленуге тыйым салынды. Ал Президенттің өзі қызметін атқарған кезде ешбір партияға мүше болмауға тиіс. Бұл талап заң жүзінде бекітілді. Мемлекет басшысы саяси күштердің бәрінен тысқары тұрады. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Яғни, билікті жеке-дара иеленуге жол берілмейді. Жоғары лауазым иелері ауысып отырады. Саяси үдерістер ашық, саяси жүйе орнықты болады. Бірқатар өкілеттіктер Президенттен Парламентке, орталықтан аймақтарға берілді. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Парламенттің рөлі және мәртебесі артты. Саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдеді. Аталған маңызды өзгерістер Конституцияға енгізілді. Елімізде жалпыұлттық референдум және Президент сайлауы өтті. Жұртшылық реформаларды қолдап, дауыс берді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған Эльвира Әзімова ҚР Конституциялық сотының төрағасы болып тағайындалған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны