01.02.2023, 14:22 52031

AMANAT-та елорданың "бей-берекет" құрылысы бақылауға алынды

Мысалы, Astana Mall СОО маңына 15-тен астам тұрғын үй кешені салынды және бірде-бір мектеп жоқ

Астана. 1 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - "AMANAT" партиясының мүшелері латифундистерден жерді тәркілеу процесін бақылауда ұстайды. Бұл туралы "AMANAT" партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров мәлімдеді.

Ол қазіргі уақытта мемлекетке Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғанын атап өтті. Бұған дейін Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізілген жұмыс барысында Болат Назарбаевқа тиесілі жалпы аумағы 244 гектар болатын 59 жер телімі анықталған еді.

"АМАNАТ" партиясының Қоғамдық алаң ретінде әрбір азаматтың еншісі болып табылатын ұлттық байлықты мемлекетке қайтару басты миссиясы деп білеміз! "Бармақ басты, көз қыстымен" жымқырылған халық ырыздығын қайтару жұмысын жүйелі жүргіземіз. Мәртебелі фамилияға, "бұрынғы еңбегіңізге", қалтаңыздың қалыңдығына қарамаймыз. Халықтың меншігіне қол салдыңыз ба? Қайтарасыз. Алмақтың да салмағы бар және ол ауыр", - деді Ерлан Саиров.


Сондай-ақ, жиын барысында партиялықтар Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жай-күйін және партияның сайлауалды уәделерін жүзеге асыру жұмысын қарады.

Кеңес мүшелері соңғы үш жылда Астана қаласындағы жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты талдады. Көрсетілген кезеңде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 203 сыбайлас жемқорлық қылмысты тіркеді. Олардың негізгі бөлігі парақорлық - 147, ұрлық - 47 және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланудың 9 фактісі тіркелді.

Кеңес төрағасының орынбасары Ғалым Байтоқ атап өткендей, жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысында формализм орын алуда. Атап айтқанда, елорда әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия 2021 жылы 1 отырыс қана өткізсе, ал 2020 жылы бірде-бір жиын болмаған.

Елордадағы жергілікті атқарушы органдардың жүктелген міндетті орындау кезіндегі жауапкершілігі төмен екенін атап өту қажет. Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік басқаруды дамыту жөніндегі істердің жай-күйін зерделеу барысында Кеңестің жұмыс тобы сұратқан ақпаратты Алматы ауданының әкімдігі және құрылыс басқармасы мүлдем бермеген. Сондай-ақ, елорданың аудандық әкімдіктерінің ресми сайтын зерделеу кезінде олардың қажетті ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етпегені анықталды", - деді Ғалым Байтоқ.


Кеңес төрағасының орынбасары жұртшылықтың шағымын тудырып отырған елордадағы құрылыс мәселелеріне жеке тоқталды.

Елордада бей-берекет құрылыс жалғасуда. Мысалы, Astana Mall СОО маңына 15-тен астам тұрғын үй кешені салынды және бірде-бір мектеп жоқ. Бұл әкімдіктің әлеуметтік нысандарды: балабақшаларды, мектептерді, емханаларды салу процесін мүлдем қадағаламай, үйлер салуға рұқсат беретіндігін айғақтайды. Бұл процесс мүлдем реттелмеген, қажет жерге мектеп салынбаған", - деп атап өтті ол.


Айта кету керек, партияның "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында екі жыл ішінде Астанада 19 мектеп, 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 21 медицина нысаны, 400 мың шаршы метрден астам коммерциялық үй-жай салынды. Тек 2022 жылы 30 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Еске сала кетейік, кеше елорданы дамытуға арналған отырыста Президент Тоқаев Астананы абаттандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы қалалық ортаны дамыту тұжырымдамасын қайта қарауды, паркингсіз үйлер салуды, әлемнің үздік архитектуралық шешімдері есебінен елорданың эстетикалық келбетін сақтауды, сондай-ақ қаланы көгалдандыруды және стихиялық қоқыс орындарды жоюды тапсырды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны