20.01.2025, 14:18 2281

Адам өлтірді деген екі күдікті Ресейден экстрадицияланды

Адам өлтірді деген екі күдікті Ресейден экстрадицияланды
Адам өлтіру, тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу және заңсыз қару айналымы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстанның екі азаматы Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлайды Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Күдіктілер 2023 жылдың қаңтарында Шымкент қаласында басқа үш адаммен бірлесіп, жеке араздық негізінде танысын өлтіруді жоспарлаған.

Ойларын жүзеге асыру мақсатында күдіктілер тапанша, металл шыбықтар мен биталармен қаруланып, қолғап пен маска киіп, түнгі уақытта жәбірленушінің үйіне келген.

Олар терезелерді сындырып, үйге кіріп, жәбірленушіге аса қатыгездікпен көптеген дене жарақаттарын келтірген.

Кейін үйдегі басқа адамдарды ұрып-соғып, жәбірленуші өмір белгілерін бермегеніне көз жеткізген соң, оқиға орнынан бой тасалаған.

Жәбірленуші ауыр дене жарақат салдарынан жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған.

Күдіктілердің екеуі ізін суытпай ұсталып, әртүрлі жазаларға тартылған. Ал қалған үш күдікті елден қашып үлгеріп, халықаралық іздеуге жарияланған.

2024 жылдың мамырында сыбайластарының бірі көршілес елден экстрадицияланып, сотталды.

Қалған екі іздеудегі күдікті өткен жылдың шілдесінде Ресей Федерациясының Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазіргі таңда күдіктілер тергеу изоляторына қамалды.

Айыпталып отырған қылмыстарды жасағаны үшін оларға 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Осылайша, аталған қылмыстарға қатысы бар барлық тұлғалар әшкереленді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны