Астанада ББҚ сатуды желеу етіп жұмыс істеген қаржылық пирамида анықталды
Астанада "LIVEGOOD" қаржылық пирамидасын ұйымдастырудан алынған қылмыстық табысты жылыстату схемасы анықталды, деп хабарлайды ҚР ҚМА Баспасөз қызметінен.
Тергеу барысында 2023 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта күдікті биологиялық белсенді қоспаларды сатумен айналысатын желілік маркетингтің атын жамылған "LIVEGOOD" қаржылық пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарғаны анықталды.
Пирамида схемасы бинарлы жүйеге негізделген, оған сәйкес қатысушылар жаңа қатысушыларды шақыру санына байланысты әртүрлі деңгейлерде орналастырылған.
Осылайша, қаржылық пирамиданың негізгі табысын ББҚ сату емес, жаңа салымшылардың жарналары құраған.
Уәдеге сенген 6 мыңнан астам азамат деңгейіне байланысты айына 2 000 АҚШ долларына дейін бонус алуға үміт артып, "LIVEGOOD" компаниясынан ай сайынғы төлемі бар 50 АҚШ долларына жазылым сатып алған.
Заңсыз жолмен алынған қаражатқа күдікті құны 60 миллион теңгеден астам автотұрағы бар екі пәтер сатып алған, оларды заңды жолмен тапқан табысымен үйлестіріп тәркілеуден жасыру мақсатында өз атына және сенімді тұлғаларға рәсімдеген.
Сонымен қатар, тергеу барысында "Binance" биржасында 0,28 BTC криптоактивтері бар екені анықталды, бұл 28 мың АҚШ долларына тең.
Соттың санкциясымен жылжымайтын мүлік пен криптоактивтерге, автокөлікке, сондай-ақ тінту кезінде тәркіленген 19 миллион теңге және 4 мың АҚШ долларына тыйым салынды.
2025 жылдың 7 ақпанында күдікті Астана қаласындағы әуежайда шекараны кесіп өту және Түркияға ұшуға қамдану кезінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
2025 жылғы 8 ақпанда сот оған екі айға "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
ҚР ҚІЖК 201-бабы бойынша тергеудің мүддесіне байланысты басқа ақпарат таратылмайды. ҚР ҚІЖК 201-бабы бойынша тергеудің мүддесіне байланысты басқа ақпарат таратылмайды.
Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін "Baiqa, piramida!" Telegram-боты іске қосулы.
Егер Сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұраймыз.
Азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырамыз.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.