12.04.2022, 18:08 19936

Бензин мен дизель отынын автокөлікпен әкетуге тыйым салуды жарты жылға ұзарту жоспарланып отыр

Энергетика министрлігінің басшысы Болат Ақшолақов мұнай-газ секторындағы жағдайға қатысты баяндады.
Бензин мен дизель отынын автокөлікпен әкетуге тыйым салуды жарты жылға ұзарту жоспарланып отыр
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 12 СӘУІР - Автокөлікпен бензин мен дизель отынын елден тыс жерлерге әкетуге тыйым салуды тағы жарты жылға ұзартуды жоспарланып отыр, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақов, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Бүгінгі күні Энергетика, Қаржы министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен бұйрығы бар екендігін атап өткім келеді, оның шеңберінде бензиндерді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің басқа да жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен елден тыс жерлерге әкетуге тыйым салынды және оны тағы 6 айға ұзарту туралы мәселе пысықталуда", - деді Болат Ақшолақов Үкімет отырысында.

 
Бұдан басқа, Болат Ақшолақов атап өткендей, Президенттің биылғы 16 наурыздағы "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде шаруаларды қолайлы бағамен жанар-жағармай материалдарының қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүзеге асырылатын болады.
 

Бүгінгі күні көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және тұрақты жүргізу мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін мұнай өңдеу зауыттарында бір тоннасына 212 мың теңге (176 теңге/литр) бағасы бойынша 400 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өңірге байланысты бөлшек сауда бағасынан орта есеппен 15-30%-ға төмен", — деді Энергетика министрлігінің басшысы.

 
Энергетика министрлігінің басшысы Болат Ақшолақов мұнай-газ секторындағы жағдайға қатысты баяндады. Аталған кезеңде мұнай саласында мұнай өндіру және экспорты көрсеткіштері бойынша өсім байқалады. Алдын ала деректер бойынша, биылғы қаңтар-наурызда мұнай және конденсат өндіру көлемі 22,7 млн тоннаны немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңіне 107,6%-ды құрады.
 

Есепті кезеңде 17,6 млн тонна мұнай экспортталды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға артық. Газ саласы туралы айтатын болсақ, есепті кезеңде 15 млрд текше метр газ өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 8,2%-ға өскенін көрсетеді. Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 6,7 млрд текше метрді құрады, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне 100,9%-ға орындалды", - деді ҚР Энергетика министрлігінің басшысы.

 
Бұл ретте, ішкі тұтынудың ұлғаюына байланысты газ экспорты көлемінің төмендеуі байқалады.
 

Мәселен, есепті кезеңде 1,4 млрд текше метр тауарлық газ экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне 66,7%-ды құрайды. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 717 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне 87,1%-ды құрайды", - деді Болат Ақшолақов.

 
Министрдің айтуынша, өткен жылдың көрсеткіштерінен артта қалудың себебі Украинаға экспорттың тұрақсыз жағдайына байланысты "Теңізшевройл" зауытында өндірістің төмендеуі болды.
 
Жалпы, бүгінде қалған зауыттар ішкі нарық үшін сұйытылған газды штаттық, жоспарлы режимде өндіруде. 
 
Биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындылары бойынша шамамен 3,4 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 107,5%, оның ішінде: 
 
- автобензин бойынша көрсеткіш 1,2 млн тоннаны құрады, өткен жылға – 102,9%; 
 
- дизель отынын өндіру көлемі 1,2 млн тоннаны құрады, өткен жылға – 110,5%.
 
Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, бұдан әрі, авиаотын бойынша көрсеткіш шамамен 170 мың тоннаны құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 29,3%-ға өсті. 
 

Мазут өндірісіне келер болсақ, оның көрсеткіші 750 мың тоннаға немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 108,5%-ға тең. Бұдан басқа, мұнай-газ химиясы өнімінің көлемі 82,4 мың тоннаға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 2 есе артық", - деді министр.

 
Сондай–ақ, ол есепті кезеңде 30,8 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілгенін атап өтті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштеріне тең – 100%.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны