22.09.2022, 15:13 20931

Кеденде тексеру: экономикалық операторлардан бюджетке 59,5 млрд теңге өндірілді

Уәкілетті экономикалық оператор тауарлардың кедендік құнын дұрыс төмендетіп көрсету арқылы кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтармақ болған.
Кеденде тексеру: экономикалық операторлардан бюджетке 59,5 млрд теңге өндірілді
АСТАНА. 22 ҚЫРКҮЙЕК - Қытаймен кедендік шекарада тәртіп орнатуға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүргізілген тесерулер нәтижесінде бүгінгі таңда 10 уәкілетті экономикалық операторлардан бюджетке 59,5 млрд. теңге өндірілді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
2022 жылдың ақпан-мамыр айларында мемлекеттік кірістер органдары 10 уәкілетті экономикалық операторға қатысты жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулер жүргізген болатын.
 

Кедендік тексеру нәтижелері бойынша 107,7 млрд.теңге мөлшерінде кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар қосымша есептелді. Уәкілетті экономикалық оператор тауарлардың кедендік құнын дұрыс төмендетіп көрсету арқылы кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтармақ болған", - деп хабарлайды ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

 
Анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша мемлекеттік кірістер органдары прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарымен бірлесіп мемлекет бюджетіне 59,5 млрд.теңге мөлшерінде кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар сомасын өндіріп алды. Оның ішінде, ерікті түрде төленгені - 56,9 млрд. теңге, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларының нәтижесінде өндірілгені - 2,5 млрд. теңге.
 

Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті экономикалық операторларға және кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу бойынша ортақ міндет атқаратын кеден өкілдеріне қатысты берешекті өндіріп алу шараларын қабылдау бойынша жұмысты жалғастыруда", - деп толықтырды ведомствода.

 
Еске салайық, 11 қаңтарда Президент Қытаймен арадағы кеден шекарасындағы "бұзақылықты" жоюды тапсырған болатын.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны