01.03.2021, 19:38 9193

Қазақстанда медициналық қызметтердің тарифтері 2022 жылға қарай қайта қаралады

Нұр-Сұлтан. 1 наурыз. Kazakhstan Today - Медициналық қызметтерге арналған тарифтер 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруды ескере отырып, қайта қаралады. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен 2020 жылғы қызмет қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттер бойынша ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақының өсуін ескере отырып, медициналық қызметтерге арналған тарифтер қайта қаралады, университеттік клиникалар үшін коэффициенттер, сондай-ақ өңірлермен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс үшін ҰО мен ҒЗИ үшін коэффициенттер әзірленеді", - деді А.Цой.

 
Сондай-ақ, ол СOVID-19 жұқтырған науқастарды стационарда емдеуге және жазылып шыққандарға медициналық оңалту үшін жаңа тарифтер көзделгенін хабарлады. Бұл тарифтер төсек-күндерге есептегенде стационарларда емделу шығыстарын төлеу бойынша жинақталған деректерді ескере отырып, клиникалық-шығын топтар қағидаты бойынша әзірленді. Сонымен қатар, мобильді бригадаларға және қашықтықтан консультацияларға тарифтер әзірленді.
 
Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі атап өткендей, 2021 жылы мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, медициналық көмек көрсетуге ақы төлеу әдістерін, сондай-ақ онкологиялық бейіндегі емделіп шыққан жағдайларды төлеу әдістерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады.
 
Алғашқы медициналық-санитарлық көмекке тарифтерді белгілеу басталды. Пациенттердің жағдайының ауырлығын ескере отырып, кардиохирургия, миокард инфарктісі, инсульт, травматологиялық және инфекциялық аурулар бойынша тарифтерді пилоттық сынақтан өткізу жоспарлануда.
 

2021 жылы денсаулық сақтау субъектілерінің негізгі құралдарын жаңарту мақсатында біз жол картасын іске асыру және 2020-2022 жылдарға арналған ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге тариф белгілеу әдістемесін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырамыз", - деді А.Цой.

 
Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігі жеке қорғаныс құралдарына арналған шығыстарды өтеу жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
 
Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылдан бастап денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық емес қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесін пысықтауда.
 

Осылайша, 2021 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңге болады. 2023 жылы 561 мың теңгеге дейін жетеді. 2021 жылы орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 173 мың теңге, 2023 жылы 210 мың теңгеге жетеді", - деді А.Цой.

 
Денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысы биылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру міндетін қойғанын еске салды.
 
2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге жетеді деп болжануда. Мәселен, 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджетте тиісті шығыстар көзделген. 2021 жылы – 222 млрд.теңге, 2022 жылы – 362 млрд. теңге, 2023 жылы - 557 млрд. теңге.
 
Сонымен қатар, 2020 жылдың өзінде дәрігерлердің орташа жалақысы 30%, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20% өсті.
 
Денсаулық сақтау министрі медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралар туралы айтты. А.Цой бұл аспект ел басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
 

Пандемияда медицина қызметкерлерінің жұмысы әлеуметтік тұрғыда өте маңызды екені белгілі болды, оған нақты адамдардың өмірі ғана емес, жалпы экономиканың тұрақтылығы да тәуелді", - деді А.Цой.

 
Естеріңізге сала кетейік, коронавирус инфекциясы пандемиясы кезінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне ҚР Үкіметінің шешімімен материалдық қолдау көрсетілді. 3 тәуекел тобына 116 млрд теңге көлемінде үстемақы төленді.
 
Үстемақымен қатар, Мемлекет басшысының шешімі арқасында 9 мыңнан астам науқас медициналық көмек үшін әлеуметтік төлем алды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны