21.01.2025, 16:03 11686

Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады

Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Президентке сот жүйесі қызметінің былтырғы қорытындылары туралы мәлімет берілді. Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын, еркіндігін және заңды мүдделерін қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету сот жұмысының басымдығы саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаралған істер мен материалдар санының ұлғайғаны, сондай-ақ соңғы 5 жылда сот төрелігін жүзеге асыру сапасының ең жоғары көрсеткішіне (жергілікті соттардың сот актілерінің 98,9 пайызы заңды әрі негізі бар деп танылды) қол жеткізілгені жөнінде баяндалды.

Азаматтық және әкімшілік істер бойынша сотқа дейінгі татуласу рәсімдері көптеп қолданылып жатыр. Алқабилердің құзыреті кеңейіп, олар қарайтын істердің саны (147-ден 261-ге дейін) екі есеге өсті.

Жоғарғы Сот төрағасы салаға жасанды интеллект технологияларын енгізу жайында айтты. Бұл әдіс біркелкі сот практикасын қалыптастыруға, судьялардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетуге ықпал етеді (материалдар мен істердің үштен бір бөлігі, яғни 2 миллион істің 665 мыңы роботты техниканы қолдану арқылы қаралды).

Асламбек Мерғалиев судьялардың дербестігін нығайту мен әкімшілік әділет саласын кеңейтуге бағытталған заң шығару бастамалары, сондай-ақ кассациялық соттар құру туралы хабардар етті.

Мемлекет басшысы заң үстемдігін қамтамасыз етудің және қоғамның соттарға сенімін арттырудың маңызын атап өтті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны