21.01.2025, 16:22 10891

Қазақстанда IT-қызметтер экспорты $470 млн-нан асты

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында IT-қызметтер мен өнімдер экспортын дамыту мәселелері қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Оның айтуынша, Қазақстанның IT-экспорты оң динамиканы көрсетіп отыр. 2024 жылдың 9 айы бойынша ол 471 млн долларды құрады. Бұл 2023 жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда 26% - ға көп. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мақсат - 2026 жылы $1 млрд-қа жеткізу.

Қазақстанның IT-экспортын ілгерілетуде Astana Hub басты рөл атқарады. Astana Hub резиденттерінің саны 1,5 мың компаниядан асты, оның ішінде 400-і халықаралық. Олардың жалпы кірісі 2024 жылы 620 млрд теңгені құрады. Бұл ретте экспорттан түскен табыс 227 млрд теңгені, яғни $479 млн-ды құрады.

Жаслан Мәдиев Astana Hub резиденттерінің экспорттық географиясы 90-нан астам елді қамтитынын хабарлады. Astana Hub резиденттерінен басқа "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның GovTech өнімдері алғаш рет экспортқа шықты. Мұндай шешімдердің қатарына Smart Data Ukimet, Smart Bridge жəне ИНБП веб-сайт құрастырушысы кіреді.

Министр бүгінде Қазақстанда ірі халықаралық IT-компаниялар мен шетелдік ITмамандарды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын жеткізді. Оның сөзінше, үздік 10 IT-экспорттаушының негізгі бөлігі - Қазақстанға көшу туралы шешім қабылдаған шетелдік компаниялар. Нəтижесінде еліміз тек ірі қалаларда ғана емес, елдің аймақтарында да жаңа жұмыс орындарын алуда. Сондай-ақ, экспорттық кіріс түрінде жаңа капитал ағынын алады.

Цифрлық көшпенділер" деп аталатын шетелдік IT-мамандарды тарту үшін жаңа Digital Nomad Visa жəне Digital Nomad Residency бағдарламалары іске қосылды. Бұл тұруға рұқсат алудың жеңілдетілген онлайн процедуралары. Бүгінде Қазақстанда 20 өңірлік IT-хаб жұмыс істейді. Astana Hub-тың барлық бастамалары қазір өңірлердегі ITкомпанияларға қолжетімді.


2021 жылдан бастап Қазақстан 114 мыңнан астам IT-маманды, оның ішінде тек 33 мыңнан астамын 2024 жылы оқытты. Жоғары оқу орындары мен колледждердегі IT-білімге қосымша TechOrda бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама қысқа мерзімде жəне сұранысқа ие бағыттар бойынша 20 мың IT-маман даярлауға мүмкіндік береді. TechOrda түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі 90%-ға жуық екенін атап өткен жөн. Бұл ретте мемлекеттік инвестициялар, жеке табыс салығы арқылы бюджетке қаражатты қайтарудың арқасында, бір жылдан аз уақыт ішінде өтеледі.

Бұған қоса, халықаралық тəжірибені жеткізу мақсатында Министрлік стартаптар үшін кремний алқабынан жетекші даму бағдарламаларын тартты. Бұл Google for Startups, Plug & Play, Draper University жəне Alchemist сияқты үздік бағдарламалар. Осы бағдарламалар арқылы стартаптар инвестицияларға, білім мен мүмкіндіктерге қол жеткізе алады. 70-ке жуық стартап даму бағдарламалары бойынша қолдау алды. $30 млн-нан астам инвестиция тартылды.

Сонымен қатар Қазақстан IT-хабтардың халықаралық желісін құруда. АҚШ, Сауд Арабиясы, Сингапур жəне жақында Ұлыбританияда ITхабтар ашылды. Қазақстандық стартаптарға инвестициялар тарту жəне экспортқа шығу үшін шетелдік инфрақұрылым қолжетімді.

Отандық венчурлық индустрияны талдау нəтижесі көрсеткендей, венчурлық мəмілелердің 90%-ы қаржыландырудың алғашқы кезеңдерінде жүреді. Оған қоса, инвестициялардың мөлшері негізінен $1 млн-нан аз. Осыған байланысты венчурлық инвестициялау қорын құру қажеттілігі туындады.

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Астана" Халықаралық қаржы орталығы" юрисдикциясында венчурлік инвестициялар қорларының қорын Astana Hub базасында іске қосуда. Қордың нысаналы көлемі $1 млрд-ты құрайды. Қазірдің өзінде инвесторлардан $130 млн-ға алдын-ала өтінімдер жиналды.

Жаслан Мәдиев аталған қордың ерекшелігі - ол негізінен жеке капитал есебінен қалыптасатынын мәлімдеді. Қор өңірден келген таланттар мен стартаптар үшін магнитке, шетелдік инвестицияларды тартудағы негізгі əріптеске жəне шетелдік жоғары технологиялық компанияларға инвестициялар арқылы Қазақстанға технологиялар трансфері үшін құралға айналады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны