13.07.2022, 17:01 25271

Нұр-Сұлтандағы нүктелі құрылыс қала тұрғындары наразылығының ошағына айналды

Нұр-Сұлтандағы нүктелі құрылыс қала тұрғындары наразылығының ошағына айналды
НҰР-СҰЛТАН. 13 ШІЛДЕ - Нұр-Сұлтан қаласы аумағындағы нүктелі құрылыс төңірегіндегі жағдай шиеленісе түсуде. Бұл туралы бүгін Қазақстан Халық партиясының YouTube-арнасындағы жаңа LIVE-эфирі кезінде айтылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Қазақстан Халық партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚХП "SOS ЦЕЛИНОГРАД" бастамашыл тобының мүшелерін, аудан әкімдігінің өкілдерін, сарапшыларды шақырды.
 

Қалалық ортаның сапасы төмен. Бұл – қаладағы шиеленістің ушығуына әкеледі. Оның соңы кейде драмалық жағдайға ұласуы мүмкін. Біз Алматыдағы наразылық кезінде кездейсоқ адамның қаза болғаны туралы қайғылы оқиғаны көрдік", – деді "TALAP" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев.

 
Қала тұрғындарының пікірін ескермей, нүктелі құрылыс салу мәселесі бұған дейін сәуір айында "QazUrban" форумында талқыланды. Онда тұрғын үй құрылысының проблемалы нысандарының белсенділері сөз сөйледі.
 

Бұл мәселе жүйелі деңгейде де, заңнамалық деңгейде де, нақты нысандар бойынша да шешіліп жатқан жоқ деп ойлаймын", – деп атап өтті Рахым Ошақбаев.

 
5 ай бойы "SOS ЦЕЛИНОГРАД" бастамашыл тобы көпқабатты тұрғын үй кешені мен олардың жанындағы бизнес-орталықтың құрылысын тоқтатып, орнына тынымбақ пен балаларға білім беру орталығын салу мәселесін көтеріп келеді.
 
Құрылыс Күмісбеков және Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысындағы аумағы 1,5 га жерді алып жатқан гараж кооперативінің орнында жүргізілуде. Қала әкімдігі төрт 21 қабатты ТК, екі 9 қабатты бизнес-орталық, 7 қабатты паркинг салуға рұқсат берген. 
 
Белсенділер Қазақстан Халық партиясынан көмек сұрады.
 
ҚХП жауапты мемлекеттік органдарға сауал жолдады. Сонымен қатар партияға жүгінген қала тұрғындарына онлайн-форматта елорданың проблемалық нысандары айналасындағы жағдайды бақылауға сарапшыларды, шенеуніктер мен тұрғындарды шақыруды ұсынды.
 
 "SOS ЦЕЛИНОГРАД" бастамашыл тобының және "Menin Elim Dala" қоғамдық бірлестігінің мүшесі Айжан Атежанованың айтуынша, тұрғындар өз ауданындарының жоспары жайлы толық ақпарат ала алмаған. Шенеуніктердің ақпарат беру туралы өтінішті елеусіз қалдырғаны тұрғындарды өз құқықтары үшін күресуге мәжбүрлеген.
 

Тек біздің бастамашыл топтың атынан 5 айда өзіміздің учаске бойынша 30-ға жуық хат жолдадық", – деді Айжан Атежанова. 

 
Қала тұрғындары бейбіт митинг өткізуге өтініш берген, алайда аудан әкімдігі өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.
 
Құрылыс нысандарының тығыз орналасуы қазірдің өзінде ыңғайсыздық туғызып жатыр. Айжан Атежанованың айтуынша, күн сайын ауладағы орындықтарда отыру үшін кезек қалыптасады. Аумақта мектеп, балабақша және балаларға білім беру орталықтары жетіспейді. Тұрғындар балаларды Оқушылар сарайына апаруға мәжбүр.
 
Сарыарқа ауданы қалалық жоспарлау бөлімінің басшысы Сәуле Әлқуатова "Целиноград" ТК тұрғындарының жоспарланып отырған құрылыс туралы ақпаратқа еркін қолжетімділіктің жоқтығына қатысты шағымына "бұл ақпараттың қолжетімділігі шектеулі" деп жауап берді.
 
ҚХП парламенттік фракциясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнованың пікірінше, мұндай жағдайға жол берілмеуі керек.
 

Шенеуніктерді сендіру уақыты өтті, нақты іс-қимыл уақыты келді. Біз партия ретінде, Халық партиясы ретінде азаматтық сектормен белсенді ынтымақтасамыз және іс-қимылдың тиімді тетігін әзірлеуге тиіспіз", – деді депутат.

 
Бастамашыл топ елорда әкімдігі шенеуніктерінің жауабына құқықтық баға алу үшін ҚР Бас прокурорымен және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасымен кездесу ұйымдастыруды ұсынды.
 
ҚХП тұрғындар үшін ымыралы және ыңғайлы шешім қабылдау мақсатында елорда әкімдігінің нүктелі құрылыс салуды тоқтата тұруға қол жеткізуге тырысатын бастамашыл топтарды қолдауы маңызды деп санайды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны