5 ақпанда Түркістан қаласында ауылдық аумақты дамытудың жаңа тәсілдері, оның ішінде қос ауқымды жоба - "Ауыл аманаты" және "Ауыл - Ел бесігін" біріктіру мәселесі бойынша кеңес өткізілді, деп
хабарлайды Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шара ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қ. Бозымбаевтың төрағалығымен облысқа жұмыс сапары шеңберінде өткізілді. Сапар барысында орталық мемлекеттік органдардың, облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер өкілдерінен құралған делегация "Түркістан" ӘКК өнеркәсіптік паркіне барып, "Ауыл аманаты" жобасының өнімімен және шағын өнеркәсіптік аймақ салу тәжірибесімен танысты.
Кеңес барысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндама жасап, "Ауыл - ел бесігі" және "Ауыл аманаты" жобалары шеңберінде атқарылған жұмыс туралы айтып, ауылдық аумақтарды кешенді дамытудың жаңа тәсілдерін ұсынды.
Соңғы жылдары мемлекет ауылды дамытуға айтарлықтай ресурс жұмсады. "Ауыл - ел бесіг" жобасы шеңберінде ауыл инфрақұрылымын дамытуға 701 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында 2,6 мың ауылда 6,6 мың жоба іске асырылған (оның ішінде ТКШ саласындағы 774 жоба, 2 мыңнан астам әлеуметтік инфрақұрылым жобасы және 3,8 мың көлік инфрақұрылымы жобасы).
Сондай-ақ, "Ауыл аманаты" жобасы шеңберінде 100 млрд теңгеден астам сомаға 17 мың жеңілдетілген шағын кредит берілді. Бұл 17 мыңнан астам жұмыс орнын, 400 ауыл шаруашылығы кооперативін құруға мүмкіндік беріп, оның 337-сі 7,1 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Осыған байланысты Бауыржан Омарбеков жобаларды біріктіру оларды іске асыруды үндестіруге, инфрақұрылымдық қолдауды күшейтуге, қаражатты тиімдірек пайдаланып, ауылдық аумақтардың кешенді дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұл үдерісте әрбір елді мекеннің басым бағыты мен даму әлеуетін айқындайтын скринингтеу жүйесі маңызды рөл атқарады. Мәселен, егер өңірде мал шаруашылығы дамыған болса, ет-сүт өндірісін қолдау мен дамыту, оның ішінде өнімді қайта өңдеу, кооперативтер мен логистикалық орталықтар құру басты назарда болады.
Егер ауылда бау-бақша мен көкөніс өсіру дәстүрі сақталған болса, агрокооперацияны дамытып, өнім өңдеуге (шырын, тосап, джем, консерві және т.б.), жылыжай шаруашылығын құруға, логистикаға басымдық беріледі. Осылайша, скрининг қолдауды қажет ететін ауылды анықтап қана қоймай, салынған инвестиция барынша тиімді болатындай, әр ауылды дербес дамыту стратегиясын әзірлеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, экономикалық фактор үлесін ұлғайта отырып, ауылдық елді мекендердің дамуын бағалау критерийі қайта қаралады. Бұл басқа ауылдарды бағдарламамен қамтуды арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, "Ауыл аманаты" жобасы шеңберіндегі қаражатты қайтадан бөлуді қайта қарау қажет. Басымдық кооператив құруға, қайта өңдеуге, өсіруден бастап сатуға дейінгі өнім өндірудің барлық циклін қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет түрлерін дамытуды көздейтін жобаларға бағытталады.
Жоспарда кәсіпкерлерді оқыту, шағын индустриялық аймақтар құру, "Ауыл аманаты" объектілеріне инженерлік инфрақұрылым жүргізу, кооперацияны дамыту, қайта өңдеуді қолдау мен логистикалық өткізу тізбегін құру сияқты мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдарын енгізу тұр.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жаңа жұмыс орнын құру, инфрақұрылымды жаңғырту, жергілікті жерде жұмыспен қамту мен кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, сондай-ақ мемлекеттік қолдау күшейеді. Бұл ауылдарды орнықты дамыту үшін қосымша мүмкіндік туғызады", - деді вице-министр.
Жобаларды біріктірудің жаңа тетіктері мен тәсілдерін Түркістан облысында пилоттық жоба шеңберінде іске асыру жоспарланып отыр. Ол кейіннен басқа өңірлерге таратылады.