26.05.2022, 16:51 12701

Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбайтын 2 мыңға жуық заңды тұлға тексеріледі

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану және халықты ауылдардағы ауыл шаруашылығы жерлерімен қамтамасыз ету проблемасы барлық өңіріндегі өткір мәселе болып отыр.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбайтын 2 мыңға жуық заңды тұлға тексеріледі
НҰР-СҰЛТАН. 26 МАМЫР - Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбай жатқан 1901 заңды тұлға тексеріледі, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану және халықты ауылдардағы ауыл шаруашылығы жерлерімен қамтамасыз ету проблемасы барлық өңіріндегі өткір мәселе болып отыр. Азаматтардың өтініштері бойынша өткен жылы республикада жер заңнамасын сақтау бойынша 175 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты жалпы сомасы 875,1 мың теңгеге 55 әкімшілік өндіріс қозғалды, деп мәлімдеді ОКҚ өткен брифингте Қазақсанның Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек.
 

Тексеру барысында әкімдіктер тарапынан анықталған бұзушылықтар жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы жөніндегі уәкілетті органдарының өз функцияларын тиісінше орындамауының, олардың арасында тиісті өзара іс-қимылдың болмауының, аталған органдар мамандарының заңда белгіленген нормалар мен талаптарды, өздерінің лауазымдық міндеттерін білмеуі мен орындамауының, сондай-ақ басшылық тарапынан тиісті бақылаудың болмауының салдары болып табылды", - деді Ә.Тамабек.

 
Еске сала кетейік, 2014-2021 жылдар аралығында жерді пайдалану мен қорғауды бақылау функциялары әкімдіктердің құзыретінде болды.
 
2021 жылы республика бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органдар жер заңнамасының сақталуы тұрғысынан 2406 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 1111 заң бұзушылық анықталды, 1072 жағдайда жер заңнамасын бұзушыларға жалпы сомасы 219,8 млн. теңгеге айыппұл түріндегі әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
 
Анықталған бұзушылықтардың 65,7%-ы жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзу, 1,9%-ы арнайы белгілерді жою, 8,6%-ы жерді бүлдіру; 5,3%-ы жер учаскелерін беру туралы өтініштерді қараудың белгіленген мерзімдерін бұзу, 18,5%-ы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімсіз пайдалану немесе пайдаланбауға, жерлерді нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаумен байланысты. 
 
Әкімдіктермен коммерциялық мақсаттарға арналған жерлерде 2019-2021 жылдар аралығында жалпы алаңы 5,2 мың га құрайтын 3,5 мың учаскесі анықталды. Жер инспекторлары шара қабылдағаннан кейін жалпы алаңы 1,6 мың га құрайтын 1,2 мың учаскені пайдалануға кірісті, жалпы алаңы 210 га құрайтын 320 учаске мемлекетке қайтарылды, жалпы алаңы 3,4 мың га құрайтын 2 мың учаске бойынша жерді мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
 

Бұдан бөлек, Қазақстанда ерекше құқықтық мәртебесі бар ауыл шаруашылығы жерлеріне жеке тоқталған жөн деп есептеймін. Ауыл шаруашылығының табысты болуы үшін әрбір гектар жерді ұтымды пайдалану қажет. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шамамен 114 млн.га құрайды. Әкімдіктер жүргізген жұмыстардың аясында 2019-2021 жылдар аралығында 8,1 млн.га (егістік – 1,3 млн.га, жайылым – 6,8 млн.га) пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталды, олар бойынша келесі шаралар қабылданды: 3,4 млн. га шаралар қабылданғаннан кейін жер учаскелерінің бұрынғы меншік иелері мен жер пайдаланушылар игере бастады, 2,1 млн. га мемлекеттік меншікке қайтарылды және 2,6 млн.га мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деп толықтырды вице-министр.

 
Оның айтуынша, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау өкілеттіктері ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетіне толығымен өтті. 
 

Осыған орай жерлерді беру және бақылау мәселелері бір мемлекеттік орган – әкімдіктерде болуына байланысты, жергілікті атқарушы органдардың деңгейіндегі мүдделер қақтығысы мәселесі шешілді", - деп атап өтті Ә.Тамабек.

 
Еске сала кетейік, 2022 жылғы 3 қаңтарда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімін қатарынан 2 жылдан 1 жылға дейін қысқартуды және мемлекеттік бақылаудың жаңа тетігін енгізуді көздейтін норма қабылданған болатын. Бұл ретте пайдаланылмай жатқан жерлердің 90%-ға жуығы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі.
 
Бұған қоса ол жер пайдаланушыларды экономикалық мәжбүрлеуге жағдай жасау үшін пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салық мөлшерлемелері 10-нан 20 есеге дейін ұлғайтылғанын айтты.
 

Тәжірибе көрсеткендей осындай іс-әрекеттер нәтижесінде жер пайдаланушылар ұлғайтылған салықты төлемеу үшін жерлерді өз еркімен қайтарып жатады. Жоғарыда аталған іс-шаралар нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда биыл 5 млн.га пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік меншікке қайтаруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте, пайдаланылмайтын және заңнаманы бұзушылықпен берілген жерлерді алып қою бір күнде бітетін жұмыс емес екенін атап өткім келеді. Себебі Конституцияның және Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес, меншік құқығы қорғалған. Ал алып қою процессі тек сот арқылы жүзеге асырылады", - деп толықтырды спикер.

 
Қазіргі уақытта облыстарда әрбір өңірдегі барлық мүдделі құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тарта отырып, ведомствоаралық топтар құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны