02.06.2022, 18:04 17376

Біздің балалар білім беру саласындағы эксперименттердің объектісіне айналады - сенатор

Біздің балалар білім беру саласындағы эксперименттердің объектісіне айналады - сенатор
НҰР-СҰЛТАН. 2 МАУСЫМ - Сенатор Мұрат Бақтиярұлы білім беру саласындағы жағдайды сынға алды.
 
Соңғы бес жылда Қазақстанда білім беру туралы заңға 29 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Ал мемлекеттік білім беру стандарты 2000 - 2017 жылдар аралығында 7 рет өзгерді. Сенатор Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, бұл өзгерістерден тек кітап баспалары пайда көрген, ал балалар - тек тәжірибе нысаны.
 
Мұрат Бақтиярұлы депутаттық сауалында білім беру саласындағы өзгерістерді ашық сынға алды. Білім беру саласына миллиардтаған қаражат жұмсалса да, Қазақстандағы білім деңгейі әлі де ілгерілетуді талап етеді.
 

Әлемдік банк зерттеуі бойынша елдегі оқушылардың 1% ғана сапалы білім алып жатыр. Оқушыларымыздың басым бөлігінің таңдау жасау мүмкіндігі жоқ. Олар негізінен екі не үш ауысымдық мектептерде білім алып жатыр. Әлемдік банктің зерттеуінше, қазір Қазақстандағы адам капиталы индексі - 63 пайыз. Бұл индекс бала туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі қалыптасуы тиіс оқушылардың қабілеті мен дағдыларының жиынтығы. Біздегі білім жүйесі осылардың 63 пайызын беріп отыр", - деп сұрады сенатор.

 
Мұрат Бақтиярұлы ҚР президентінің Білім және ғылым министрлігін екі ведомствоға бөлу туралы мәлімдемесіне тоқталды.
 

Білім және ғылым министрлігі қазіргі ережеге сай 200-ден астам қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, 900 мың бүлдіршіні бар 10 300 балабақша, 3,5 млн оқушысы бар 7 500 орта мектеп, 500 мың контингенті бар 820 колледж, 600 мың студенті бар 120 жоғары оқу орны және жарты миллионнан астам мұғалім мен педагогтардың жұмысын үйлестіру керек. Бұл бір министрлікке өте үлкен салмақ. Сондықтан, кеше президентіміз айтқандай, министрліктің басқару жүйесін оңтайландыру жолдарын қарастырған дұрыс деп санаймыз", - деп атап өтті депутат.

 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясының салтанатты жиынында сөз сөйлеп, елдегі ғылыми қызметті үйлестіруді күшейту үшін салалық министрлікті екі ведомствоға бөлу керек деп есептейтінін жеткізді. Олардың бірі жоғары білім және ғылым мәселелерімен айналысады.
 
Ақпарат көзі: halyq-uni.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны