19.11.2024, 12:59 2926

Елімізде қазан айында 21 мыңнан астам жаңа автомобиль сатылды

ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібінің өндіріс көлемі ағымдағы жылдың үш тоқсанында 1,2 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 8,5%-ға аз. Шығарылым көлемінің біршама төмендеуіне қарамастан, автоөнеркәсіп әлі де Қазақстанда машина жасаудың негізгі драйвері болып қала бермек. Мәселен, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында автокөлік құралдарын өндіру үлесі машина жасау саласының 39,4%-ын (және еліміздің барлық өңдеу өнеркәсібінің 7%-ын) құрады, деп хабарлайды energyprom.kz.

Өңірлер арасында автомобиль жасау саласында көлік шығару көлемінің жартысынан астамы Allur ("СарыАрқаАвтопром") автозауыты орналасқан Қостанай облысына ғана тиесілі болды: 633,8 млрд теңге. Сонымен қатар, ондағы автоөнеркәсіптің үлесі машина жасаудың 84,7%-ына және өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің барлық көлемінің бірден 46,2%-ына жетті, яғни, автомобиль индустриясы - облыс экономикасының жетекші және айқындаушы драйвері.

Өндіріс көлемі бойынша келесі орынға Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Auto автозауыттарымен Алматы қаласы жайғасты: 359 млрд теңге. Ал автоөнеркәсіптің үлесі қаладағы машина жасаудың 69,9%-ын, ал өңдеу өнеркәсібінің 29,4%-ын құрады.

Қалған өңірлерге автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің жалпы көлемінің 17,3%-ы тиесілі: 208,3 млрд теңге.

Ағымдағы жылдың үш тоқсанында 92,2 мың автокөлік құралы өндірілді, бұл 2023 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 15,8%-ға аз.

Барлық өндірістің 90%-ын дәстүрлі түрде жеңіл жолаушылар автомобильдері құрады: 82,9 мың көлік. Жүк автомобильдері 5,9 мың бірлікті, автобустар 1,8 мың бірлікті, тіркемелер мен жартылай тіркемелер 1,2 мың бірлікті құрады. Сондай-ақ 386 арнайы және мамандандырылған автомобильдер шығарылды.

Профильдік Қазақстан автомобиль қауымдастығының деректеріне сәйкес 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында елімізде 104,9 мың автокөлік құралы өндірілді, оның 62,9%-ы Қостанайдағы бір ғана автомобиль зауыты Allur-ге тиесілі. Салыстырып қарасақ, өткен жылдың дәл осындай кезеңінде Allur үлесі 61%-ды құрады, ал 2019 жылдың қорытындысы бойынша бүкіл автоөнеркәсіп саласының жартысынан көп пайызды, 2016 жылы 22%-ды құрады.

Келесі орындарда - нарықтағы үлес салмағы 30,5%-бен Hyundai Trans Kazakhstan және 3,6% үлеспен СемАЗ. Қалған автозауыттардың өндірісі автокөлік құралдарының барлық өндірісінің тек 3%-ын ғана құрады.

Қазақстанда жаңа жеңіл және коммерциялық автомобильдердің сатылымы ағымдағы жылдың қазан айының қорытындысы бойынша 21,5 мың бірлікке жетті, бұл өткен аймен салыстырғанда, 20,1%-ға және 2023 жылдың қазан айымен салыстырғанда, 18,3%-ға артық. Айта кетерлігі, қазан айындағы сату көлемі биылғы жылдың ең үлкен сату көлемі болды.

Дистрибьюторлар тұрғысынан, қазан айында жаңа автомобильдердің жартысынан көбі тек Allur-да сатылды: 50,7% немесе 10,9 мың автокөлік, бұл - 2024 жылы ҚР дилерлері арасында абсолютті мән бойынша, сондай-ақ нарықтағы үлес салмағы бойынша да ай сайынғы сатылым бойынша рекордтық көрсеткіш. Келесі орынға Astana Motors орналасты: 31,9% немесе 6,9 мың жаңа автомобиль сатылды. Басқа дистрибьюторлар жалпы нарықтың 17,4%-ын құрады.

Ағымдағы жылдың қазан айында сатылымы бойынша автомобиль брендтерінің арасында Chevrolet көш бастап тұр: 6,3 мың автомобиль. Одан кейін - Hyundai (3 мың), Kia (2,4 мың), Chery (1,4 мың) және Haval (1,3 мың).

Ал модельдер бойынша қазан айында Chevrolet Cobalt абсолютті көшбасшы болды: бірден 5,9 мың көлік сатылды, бұл - бір айда бір модельді сату бойынша рекордтық көрсеткіш. Одан кейін - Hyundai Tucson (1,3 мың) және Kia Sorento (746).

Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстанда 158,6 мың жаңа автомобиль сатылды, бұл 2023 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 1,5%-ға көп. Брендтер тұрғысынан, ең көп сатылған бренд Hyundai болды: 34,2 мың көлік. Одан кейінгі орында Chevrolet (22 мың) және Kia (19,5 мың) тұр.

Модельдер тұрғысынан, сатылған жаңа автомобильдердің саны бойынша тағы да Chevrolet Cobalt көш бастап тұр: 18,2 мың автомобиль. Одан кейінгі орындарға Hyundai Tucson және Kia Sportage орналасты: 17,4 мың және 7,8 мың.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны